Қазақстандық волейболшы қыздар Әлемдік Гран-при турнирінің 1-інші турында сүрінуден көз ашпады

 Александр Гутор жаттықтыратын қазақстандықтар Германияға 1:3, Италияға 0:3, Аргентинаға 2:3 есебімен ұтылды. Бұл топта 3 ойында 9 ұпай олжалаған итальяндықтар үздік шықты. Одан кейінгі орындарға қоржындарында 4 ұпайы бар Германия мен Аргентина құрамалары орналасса, 1 ұпаймен Қазақстан волейболшылары соңғы орынға табан тіреді. Қазір олар Әлемдік Гран-при додасында бақ сынап жатқан 20 команданың арасында Польша құрамасымен бірдей ұпай жинап 16-17 орындарды бөлісуде.


Енді екінші тур ойындары 9-11 тамызда Польшаның Плоцк қаласында болады. Онда қазақстандықтар «H» тобында бақ сынап, алғашқы ойынын жарыс қожайындарымен өткізеді. Одан кейін Жапония мен Германия волейболшыларымен күш сынасады. Ал үшінші тур 16-18 тамызда Алматыда жалғасады. Бұл сында «К» тобында өнер көрсететін олардың қарсыласы  Нидерланды, Куба және Бразилия спортшылары болмақ.