Ол қазаның 17-сіне дейін созылмақ. Бас бапкер бұл жиынға Сана Жарлағасова, Людмила Анарбаева, Наталья Жукова, Ольга Наседкина, Коринна Ишимцева, Олеся Арсланова, Елена Эзау, Марина Стороженко, Юлия Куцко, Ирина Зайцева, Инна Матвеева, Ольга Дробышевская, Ирина Лукомская мен Алена Омельченконы шақырып отыр. Қазанның 29-ы мен қарашаның 14-і аралығында Жапонияда өтетін бұл дүбірлі додаға команда капитаны Татьяна Пюрова денсаулығына байланысты қатыса алмайды. Қосымша медициналық тексеру нәтижесі бойынша Татьянаның XVI Азия ойындарында да командаластарының ойынына көмектесе алмайтыны мәлім болып отыр.
Жапонияға қазақстандықтар қазанның 19-ы күні аттанбақ. Әлем чемпионатының бірінші кезеңінде 24 елдің командасы 4 топқа бөлініп қазанның 29-ы мен қарашаның 3-і аралығында Токио, Хамамацу, Мацумото және Осака қалаларында өзара сайысқа түседі. Қазақстандықтар "С" тобында АҚШ, Куба, Германия, Тайланд және Хорватия құрамаларымен бірге Мацумота қаласында сынға түседі. Екінші кезең қарашаның 6-10 күндері Токио мен Нагойяда жалғасады. Ал жартылай және ақтық ойындар қарашаның 13-14 күндері Токиода болады.