Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Самғау" ғылыми-технологиялық холдингінің құрамына енетін "Жер жөніндегі, металлургия және байыту жөніндегі ғылымдар орталығы" АҚ мен Ресей Ғылым академиясының су проблемалары институты ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық жөніндегі консорциумдық келісімге қол қойды.
Құжатқа "Жер жөніндегі, металлургия және байыту жөніндегі ғылымдар орталығы" АҚ президенті Нұралы Бектұрғанов пен Ресей Ғылым академиясының су проблемалары институтының директоры Виктор Данилов-Данильян қол қойды.
"Келісімнің басты мақсаты - Каспий теңізін Азов-Қара теңізі бассейнімен өзара су транспорттық байланыспен қосу жолдарына салыстырма талдау жасау жөнінде ұсыныстар дайындау, сондай-ақ, жаңа су жолдары тармақтарын салудың табиғи, әлеуметтік -экономикалық және техникалық шарттарын зерттеу болып табылады", делінген холдинг хабарламасында.
Еске сала кетейік, Каспий және Азов теңіздері арасында жаңа кеме қатынасы жолын салу жөніндегі бастаманы Қазақстан президенті 2007 жылдың 10 маусымында Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда жария еткен.
Мекеме ақпаратына сәйкес, "қазіргі таңда Каспий мен Азов теңіздерін өзара жалғастыратын кеме жолын салудың бірнеше варианты қарастырылуда: бірінші үлгі бойынша қазіргі бар Волга-Дон каналына қосымша жол тармағын тарту болса, екіншісі Каспий теңізін Қара теңізбен қосатын жаңа канал салу".
Мамандардың пайымдауынша, жаңа кеме жүретін жолды салу Қазақстандық өнім өндірушілердің халықаралық рынокқа мейлінше ұтымды теңіздегі жолдармен шығуға тың мүмкіндіктер беріп, Қазақстанның транзиттік-транспорттық әлеуетін біршама кеңейтуге жол ашады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті