Қазақстандық жас музыканттар Түркияда өткен халықаралық байқаудың Гран-приін жеңіп алды

"Аланья қаласында өткен бұл байқауға 8 елден мыңнан аса жас музыканттар, суретшілер, бишілер және әншілер қатысты. Онда Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың шәкірттері командалық есепте Бас жүлдеге ие болды. Жекелей сында Абзал Әділханұлы, Қайнар Айтмұрат, Мұқағали Жәнібеков, Кәмила Қарашова, Нұрбек Мейрамбеков, Әлібек Серікболов пен Ақерке Тұрсынжан үздік шықты. Дархан Әбілдин, Дамир Бейсенов, Ару Жақсылыққызы, Дәурен Жұмаш, Назерке Ибатжанова, Ажар Қадылбекова, Ербол Қожағұл, Мұхит Нұрғұмаров 2-ші орынды жеңіп алса, Алпамыс Бисенғалиев, Алмас Болатов, Тоғжан Әбдіғұлова пен Мұхаммед Тұрдалы 3-ші орын алды. Сондай-ақ Ләззат Тілеулиева, Ерасыл Әмешов жәнем Тоғжан Әбдіғұлова дипломант атанды", дейді мектеп директоры Ақан Әбдуәлиев.

Оның айтуынша, "Сәттілік тұмары" халықаралық байқауының 2-ші жүлдесі де қазақстандықтардың еншісіне тиген. Оған Ақтау қаласынан келген бишілер тобы ие болды. Онда қазақстандық жас өнерпаздардың өнеріне ерекше риза болған Түркиядағы Қытай елшілігі оларға тек арнайы шақыртумен ғана қатыса алатын "Шығыс маржандары" байқауының 6 жолдамасын табыс еткен. Шілденің 27-30-ы күндері Бейжіңде өтетін бұл байқауға қатысушылар өз елінің ұлттық өнерін насихаттауы тиіс. Оған қатысатын қазақстандық 6 өнерпаз енді шілденің 31-і мен тамыздың 4-і аралығында Шанхайда өтетін халықаралық жәрмеңкеге қатысушылардың да тізіміне енгізіліп отыр.

Жалпы бұл мектеп-интернатта 2009-2010 оқу жылында 465 оқушы білім алды. Өткен оқу жылы кезінде олардың 256-сы Қазақстан, Ресей, Чехия, Жапония және Түркияда өткен түрлі деңгейдегі байқаулардан лауреат атанып, жүлдегер болып қайтты.