Қазақстандық жас таеквондошылар Азия чемпионатында спортсүйер қауымды таң қалдырды

7 жүлдеге қол жеткізді, деп хабарланған Қазақстанның Таеквондо федерациясы (WTF) сайтында.

Жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы Азия біріншілігі көрші Қытай елінің Тайпей қаласында өтуде. Аспан асты еліне Қазақстан құрамасы жақсы дайындықта аттанған болатын. Жарыстың алғашқы күндері жасөспірімдер сынға түсіп, қазақтың ұл-қыздары спортсүйер қауымды таң қалдырды.

45 келі салмақта өнер көрсеткен Бірімбай Эльдар мен 55 келіде сынған түскен Анастасия Островская финалға шықса да, өкінішке орай, жас өрендерімізге тәжірибе мен сәттілік жетіспей,  олар қарсыластарына жол беріп қойды. Осылайша, алтынды уысынан шығарып алды.


Ал қола жүлдеге 5 бірдей саңылағымыз қол жеткізді. Олардың арасында Жолдаспаев Сағдат (51 келі), Шымырбай Сағыныш (55 келі), Қожахмет Нұрқанат (68 келі), Қосмаханбет Ботагөз (48 келі) және Қайыржанова Мәдина (+68 келі) бар.

5 қола мен 2 күміс жүлденің арқасында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жалпыкомандалық есепте ерлер арасында 4-ші орыннан, ал қыздар арасында 6-шы орыннан көрінді.