Қола жүлде үшін өткен ақтық сында қазақстандық Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов жұбы австралиялық Оуен Боланд пен Дамиэн Шуманнды (Owen Boland-Damien Schumann) 2:0 есебімен ұтты.
Ал ирандықтарды дәл осындай есеппен ұтқан жаңазеландиялықтар турнир жеңімпазы атанды.
Жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрайтын бұл дүбірлі дода 10 сәуір күні өз жалауын көтерген болатын. Оған 13 елден ерлер арасында - 24, әйелдер арасында - 22 жұп қатысты. Былтыр бұл байрақты бәсекеде әйелдер арасында Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова қола жүлдегер атанған еді. Биыл олар командалас серіктері Бақтыгүл Самаликова мен Марина Пилипенко жұбымен бірге екінші кезеңнен өте алмады. Ал ширек финалға дейін жеткен Александр Дьяченко мен Алексей Сидоренко бесінші орынға табан тіреді.
Енді олар 19-24 сәуір күндері Индонезияда өтетін 2-Азиялық турдың Батам Оупен кезеңінде бақ сынайды. Қазақстандық 4 жұп бұл дүбірлі додаға қатысу үшін Индонезияға кеше аттанып кетті.