«Қазақстандық жол: тәуелсіздік хроникасы» деректі фильмі жарыққа шықты

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында көпсериялы деректі фильмнің бірінші сериясының таныстырылымы болды.

Қазақстанның жаңа заманғы тарихын толығымен қамтитын фильм жобасы ҚР Президентінің Баспасөз қызметінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан ресейлік саясаттанушы Юрий Солозобовтың айтуынша, фильм егеменді елдің мемлекет ретіндегі қалыптасу жолын деректі түрде баяндайтын 8 сериядан тұрады.

«Фильмді түсіру барысында тарихи оқиғалар орын алған Қазақстанның барлық дерлік аймақтарын араладық, орасан зор күш жұмсадық. Қарапайым фильм түсіру соншалықты қиын болса, елдің еңсесін тіктеп, көшін түзеу жолында Президент үшін 20 жыл бойы қажымай еңбек ету қаншалықты болды екен деген ойға қалдық. Бұл бізге қуат беретін еді», - деп ақ жүрегімен ақтарыла жобаның жүзеге асырылу барысын баяндады Юрий Солозобов.

«Қазақстандық жол: тәуелсіздік хроникасы» деректі фильмі жуық арада көрермендер назарына ұсынылмақ.