Қазақстандық жұмыссыздар арасындағы қылмыстық ахуал зерттелді

Бас прокуратураның хабарлауынша, 2013 жылы «қылмыс жасаған 102 мың 565 адам тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,5% артық».

«Аталған уақыт аралығында еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын 79 мың 885 адам қылмыс жасаған. 2012 жылы олардың саны 77 мың 831 адам болатын (2,6% артқан)», - делінген хабарламада.

Хабарламаға сүйенсек, мұндай адамдардың басым бөлігі Алматы облысы – 8728 адам (2012 жылғыдан 28,3% артық) мен Шығыс Қазақстан облысында – 10 987 (15,5% артық) адам.

Жалпы қылмыс жасаған адамдардың арасындағы жұмыссыздардың үлесі Жамбыл облысында 6,4%, Маңғыстау облысында 2,9%, Қарағанды облысында 2,9%, Алматы облысында 1,2% өскен.

Оның денін «біреудің мүлкіне» қатысты жасалған қылмыстар құрайды.

Комитеттің хабарлауынша, жүргізілген сараптамалар Қазақстанда «халықты жұмыспен қамту саласында қолға алынған шаралардың қылмысқа қатысты көрсеткіштерді жақсартуға әсер етпегенін және Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды мен Маңғыстау облыстарындағы жағдайдың ушығып кеткенін көрсетіп берді».


«Республикалық бюджеттен екі жылда Жұмыспен қамту бағдарламасына бөлінген 133,9 млрд теңге, 2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020» жол картасына бөлінген 104,9 млрд теңге жұмыссыздар арасындағы қылмысты азайтуға айтарлықтай ықпал етпеген», - делінген хабарламада.