Турнир үш жіктеме: блиц (әрқайсысына 7 минуттан), рапид (әрқайсысына 25 минуттан), классика (әрқайсысына 90 минуттан) бойынша өткізілді.
Чемпионатқа 10 елден 47 адам қатысты. Олардың қатарында Германия, АҚШ, Ресей, Швейцария, Түркия, Украина, Латвия, Қырғызстан,Чехия мен Қазақстан сияқты елдердің өкілдері болды. Бұл туралы ҚР Штаттық ұлттық команда және спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Блицтен ерлер арасында 1-ші орынды - қазақтандық Сейітжан Айдос, 2-ші орынды - тағы да отандасымыз Елеусінов Хәкімжан, 3-ші орынды - Сазаев Құбан (Қырғызстан) иеленді. Әйелдер арасында алғашқы екі орынды қазақстандықтар - Далиева Әсел (1-ші орын) және Әуесбаева Фарида, 3-ші орынды - Құдайбергенова Эльмира (Қырғызстан) алды.
Рапид бойынша үздік ойын көрсеткен отандастарымыз Ақтаев Серік, Сейітжан Айдос, Шотаев Мақсат қатарымен бірінші, екінші, үшінші орындарын иеленді. Әйелдер арасында жүлделі орындарды қазақстандық Кенина Диана (1-ші орын), Әуесбаева Фарида (2-ші орын), Мағауова Гүлжан (3-ші орын) еншіледі.
Классика бойынша ерлер арасында 1-ші орынды Елеусінов Хәкімжан (Қазақстан), 2-ші орынды - Матылов Сайлан (Қазақстан), 3-ші орынды - Құдайбергенов Мирлан (Қырғызстан) алды. Әйелдер арасында 1-ші орынды Далиева Әсел (Қазақстан), 2-ші орынды - Кенина Диана (Қазақстан) алды, ал 3-ші орын Сарыкеева Гүлжамалға (Қырғызстан) бұйырды.
Айта кетейік, марапаттау салтанатына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов қатысты, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Басты сөздер: Спорт