Қазақстандықтар ескі көліктерін қабылдау бекеттеріне өткізе алады

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Бұл жұмыс еліміздегі барлық облыс орталықтарында қолға алынып, темір тұлпар иелеріне 48 бен 150 мың теңге аралығында өтемақы төлене бастады. Жаңа бағдарлама аясында жыл соңына дейін тозығы жеткен 10 мыңға жуық көлік жиналмақ. Мына ескірген «Жигули» – Төрегелдиндер отбасының ең алғашқы көлігі. Оны отанасы 28 жыл бұрын жап-жаңа қалпында сатып алған. Содан бері темір тұлпар отбасы мүшелерінің талай тірлігіне тынымсыз қызмет етіп келді. Тек соңғы уақытта тозығы жетіп, жарамсыз күйге енген.

- Бұл көлік бізге өте ыстық. Жастық шағымызда алдық. Бізге қызмет етті. Ұрылған жоқ. Соғылған жоқ. Келген адамдар 100-дің маңайында сұрады. Бірақ жаңа бағдарламаға беруді шештік, дейді қала тұрғыны Бақытжан Төрегелдина.

Бақытжан Төрегелдина тозығы жеткен көлігі үшін өтемақы алады. Себебі темір тұлпарының ескіргені болмаса, еш жеріне зақым келмеген. Есік-терезесі, қозғалтқышы, дөңгелектері өзге де бөлшектері түгел. Жаңа бағдарлама бойынша мұндай көліктерге 150 мың теңге төленеді. Ал қабылдау бекетіне оны өткізу үшін тозығы жеткені жөніндегі құжат рәсімделіп, иесінде тиісті есепшот нөмірі болуы керек.

- Біз еліміздің әр аймағында акция өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол арқылы ескірген көліктер жиналады. Көлік иелері оған қаржы жұмсамайды. Эвакуаторға өзіміз ақша төлейміз, деді «ӨКМ Операторы» ЖШС директоры Рустам Темірбек.


Бағдарламаның мақсаты – қолданыстағы ескі көліктерді азайтып, экологиялық ахуалды жақсарту. Себебі еліміздегі темір-тұлпарлардың 58 пайызы 20 жылға жуық уақыт қолданылып келеді. Айта кетейік, қабылдау бекеттері барлық аймақта іске қосылды. Әзірге бұл нысандарға ескі көліктер жиналып, келер жылы оларды бұзатын зауыт салынады.