Шара 1884-1964 жылдары өмір сүрген жазушы, академик және ағартушы Халидэ Эдип Адыварды еске алу мақсатында өтті. Романдарымен түрік әдебиетінде ерекше орын алатын Халиде Эдип Адывар, оқырмандардың назарын өзіне тұлғасының сан қырлылығымен аударып әкетті. Түрік тілінен өзге тілдерде жазған шығармаларымен Халидэ Эдип халықаралық деңгейде құрметке ие болды.
Бұл конференцияның мақсаты – автордың өмірден озған 51-ші жылында, жазушының тұлғасы мен шығармашылығына арналған конференция арқылы, бауырлас Қазақстан халқына оның еңбектерімен толыққанды таныстыру болды. Конференция ұйымдастырушыларының атынан сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі профессор Назгүл Шыңғысова: «Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістер, мәдени және рухани салалардағы өзгерістер құндылықтардың да өзгеруіне әкеледі. Түркиядағы Халидэ Эдип Адывар кезеңінде немесе Алаш қозғалысы кезінде қозғалған әйел теңдігі, әйел мүддесі мәселелері қазір жоқ. Алайда, ер-азаматтарға сүйеу болып, ақылымен, парасатымен ел басқарған, аталы сөз айтқан осындай батыр қыздардың есімдерін болашақ ұрпақтың есінде қалдыру мақсатындағы осындай конференциялар жиі өткізілсе нұр үстіне нұр. Осындай биік жетістіктерге жеткен, білімді, белсенді әйелдер туралы жиі ақпараттар беріліп, олардың үлгіге толы өмір жолдарын насихаттау арқылы біз бүгінгі нәзік жандыларды тәрбиелеуге үлес қосамыз», - деп іс-шараның мақсатын айқындай түсті.
Конференцияда тек бір ғана адамның шығармашылғына арналған жоқ. Жалпы әйел адамдардың қоғамдағы рөлі және қызметі туралы сөз қозғалды. Мәселен, оған – Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Маралтай Ыбраевың айтқан сөзі мысал бола алады. «Қазақ халқы ықылым заманнан ананы қадірлеп, қасиеттеп құрметтеген. Пайғамбарымыз с.ғ.с Мұхаммед ең әуелі жақсылық анаға, анаға, анаға сосын барып әкеге құрмет көрсетіңдер деп насихат жасаған. Әйел ана ер азаматтардың жоқтығын білдіртпейтін, қажет болса біртұтас елді басқарып отырған аналар бар. «Отан отбасынан басталады» - демекші, сол кішкентай отбасы ананың әлдиі, ақ сүті арқылы бойға дарып ойға сіңеді. Қазақтың барлық жыр дастандарында барлық образға бір-бір ескерткіш қойса әбден лайық. Әр дәуірдің өз үні, өз сөзі бар.
Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Асанәлі Әшімов т.б. қазақтың дана арда перзенттері аналарға ерекше құрмет көрсеткенін айтуға тиіспіз. Осынау ұлы тұлғаның бәрі де ең әуелі ананың ақ сүтін еміп, бесік жырына сусындап өскен азаматтар. Қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиев: Азатты қыз, ақылды қыз, зерек қыз, Көркіңді алып кетпесінші шебер күз. Баяғыдай жалындап бір жанып бақ, Баяғыдай біз соңынан ерерміз. Асылымсың, жас көктемде жолыққан, Ғасырымсың бірге қайтқан жорықтан. Жас үнімсің әлем мінберлерінен, Сөзге шығып, атқан және болып таң. Осы өлеңді Тұманбай ақынның Ғайникен апайға ғана арнап емес, қазақтың бүкіл лауазымды қыздарына арналған деп ұғынсақ болады» - деп өз сөзін сәтті сабақтады.
Жалпы қоғамдағы әйел аналардың рөлі және қызметіне кеңірек тоқтала отырып, оның ішінде белгілі түрік әйелі Хэлиде Эдип туралы қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Оған Памуккале университеті, Түркиядан келген профессор Юнус Балджы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі профессор Назгүл Шыңғысова, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Маралтай Ыбраев, Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттен келген Доцент Халил Адыяман, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Түрксой» кафедрасының меңгерушісі, доцент Ораз Сапашев өздерінің тұшымды ойларын алға тартты.
Осы орайда Халиде Эдип Адывар тек қана түрік жазушысы емес, ол ұлтшыл және әйелдердің құқықтарын алға тартқан саяси басшы екенін де айта кетуіміз керек. Бұл қоғамдағы өзекті мәселе. Әйел ана «бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Қазіргі қоғамдағы әйел тек қана үйде отырып жұмыс жасамайды. Қоғамның түйткілді мәселелеріне толыққанды жауап беріп үн қатушы. Сондықтан ана деген үш әріпке тағзым етіп, ана берген тағылымнан тәлім алу біздің парыз!