Қазақстандықтар үшін Байқоңырға кіру тәртібі жеңілдетіледі

Үкіметаралық комиссиямен келісілген тәртіп 1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Qyzylorda телеарнасына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, қалаға кіреберісте бақылау-тексеру пункті тұр. Бұл бақылау бекетін айналып, ешкім қалаға кіріп немесе шыға алмайды. Әскерилер әрқайсының құжаттары мен рұқсаттамаларын мұқият тексереді. Байқоңырға кіру үшін кем дегенде 10 күн бұрын қалаға келу себебін көрсете отырып, өтінім беру қажет: қызметтік немесе жеке істер бойынша. Рұқсаттама төтенше жағдайларда ғана дереу беріледі: мысалы, жақын туысы қайтыс болған және жерлеу рәсімі жағдайында.

"Белгіленген тәртіп бойынша Байқоңырға келген адам 10 күн бұрын өтініш беруі керек. Келісімге өзгеріс енгізілді. Ұзақ зерттеуден кейін шешім қабылданды. Пилоттық режимде 1 желтоқсаннан бастап бақылау-тексеру пунктінде Қазақстан азаматтарына рұқсаттама қағаз беріледі", - деді Қызылорда облысы әкімінің арнайы орынбасары және "Байқоңыр" кешеніндегі Президенттің арнайы өкілі Қайрат Нұртай.