Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
«2022 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 340 016 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,2 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге. Алайда, бұл көрсеткіш әр аймақта әртүрлі екенін атап өткен жөн. Мысалы, Маңғыстау облысының тұрғындары орта есеппен 3,8 млн теңгені, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 1,2 млн теңгені пайдаланған», - деп мәлімдейді қордың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, орындалған өтініштердің басым бөлігі Алматы тұрғындарына тиесілі – 17,4%), ал Астанада – 14%, Маңғыстау облысыда – 10,33%.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған қазақстандықтар да бар, уәкілетті операторлардан олардың жеке зейнетақы шоттарына шамамен 458,4 млрд теңге қайтарылды.
Зейнетақы жинағын пайдаланғандардың шамамен 35,75%-ы тұрғын үй сатып алған және жеке тұрғын үй салған, ал шамамен 20%-ы жинағын алғашқы жарнадан бастап қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейінгі ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану мақсатында жұмсаған. Өтініштердің шамамен 21% одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыру мақсатында орындалды, осы мәнге жақын мөлшері (20,88%) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша пайдалануы үшін берілген.
Сонымен қатар, БЖЗҚ 314,9 млрд теңгеге емделуге берілген 398 875 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома – шамамен 0,8 млн теңге. Көбінесе қазақстандықтар (өтініштердің 96% астамы) өздерінің жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдаланады, тек 2,8%-ы офтальмологиялық қызметтер алу мақсатында орындалды.
Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан белгіленген мерзімде пайдаланылмаған 32,1 млрд теңге қайтарылды.
Айта кетсек, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 909 өтінішті орындады. Бірегей өтініш берушілердің, яғни өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияға беруге шешім қабылдаған салымшылардың жалпы саны – 3 388. Аударымның орташа сомасы – 1,5 млн теңге.