Қазақстандықтардың төрттен бірі жемқорлықтың таралуына ұлттық менталитет кінәлі деп есептейді


«Зерттеу кезінде респонденттерге жемқорлықтың себептерін атап көрсету ұсынылды. Қатысушылардың 30,5 пайызы жемқорлықтың басты себебін шенеуніктердің жүгенсіздігінен, 26,5 пайызы бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысының аздығынан іздейді. Ал, респонденттердің 25,3 пайызы жемқорлықтың белең алуына ұлттық дәстүр бен менталитетті кінәлайды», - деп дүйсенбідегі брифингте «Қоғамдық пікір» институтының директоры Ботагөз Рақышева хабарлады.
Сауалнамаға қатысқандардың 38,5 пайызы құқық қорғау орындарының жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған жұмыстарының тиімділігін арттыруды ұсынса, 36,4 пайызы заңды қатаңдату қажет деп есептейді. Респонденттердің 33,1 пайызы бюдлжет қаржысын бөлу мен жұмсау жағын қатаң бақылауға алу керек деп ойлайды. Ал, қазақстандықтардың 30 пайызы азаматтардың құқықтық сауатын арттыруды ұсынады.
Сұралғандардың 45,2 пайызы елімізде жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нәтижесіне оң баға берген. 33,1 пайызы жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық пікірді тыныштандыру үшін ғана жүргізіледі деп есептейді. Қалған 11,8 пайызы аталған іс-шаралардан оң нәтиже көрмегенін айтады.
Биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айлары аралығында жүргізілген сауалнамаға еліміздің барлық аймағынан 1600 респондент қатысқан.