«Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы (58%) үкіметтің атом электр станциясын салу туралы жоспарын қолдамайтынын айтса, 29 пайызы Қазақстанда ядролық технологияларды дамытуға қарсы еместігін білдірген. Қалған 13 пайызы аталған мәселеге қатысты ұстанымын әлі нақтылай қоймаған», - делінген хабарламада.
Сауалнамаға сүйенсек, респонденттердің 91 пайызы ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдарға көбірек көңіл бөлу қажет деп есептейді. 4 пайызы бұған қарама-қарсы пікірде болса, 5 пайызы бұл тақырыпқа мүлдем бас қатырмайды екен.
Респонденттердің 87 пайызы Қазақстанда қоршаған ортаға төнетін қауіп-қатерді төмендетіп, адамдардың әл-ауқатын арттыратын «жасыл» экономиканы дамыту принциптерін қуаттайды.
Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, «қазақстандықтардың басым бөлігі атом электр станцияларынан бас тартқан дұрыс деп есептейді». Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы Германияның 2022 жылы атом энергетикасынан толық бас тарту туралы шешімін қолдайтынын білдірген. Бұл шешімге респонденттердің 14 пайызы қарсы шықса, 16 пайызы бұл мәселеге бей-жай қарайды.
Астана, Алматы қалалары мен 14 облыс орталығынан 1872 адам қатысқан сауалнама қыркүйектің 8-і мен 17-сі аралығында жүргізілді.