«Қазақстанға кіруге 9 дивизия дайын тұр». Әубәкіровтың қаңтарда ОДКБ әскерін кіргізу керек деп неге айтқаны белгілі болды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Айтунша, ол кезде Ресейдің Қазақстанға кіру үшін бірнеше дивизиясы мен ауыр техникалары дайын тұрған көрінеді. Оны ғарышкер досының өз аузынан естіген екен.

Ұзақбай Айтжанов «Қасқа жол» ютуб арнасына берген сұхбатта былай деді:

«Тоқаңа (Тоқтар Әубәкіров - ред) Алматыға келгенде дос ретінде әңгімелесіп отырып, тікелей сұрақ қойдым. Қаңтарда осындай оқиға болып жатқан кезде теледидардан шығып ОДКБ әскерін кіргізу керек дедің, сосын ел шулап өзіңізді «сатқын» деуге дейін барды. Бұл не түсініспеушілік, оның астарында басқа әңгіме бар ма деп сұрағанмын?

Сонда Тоқаңның айтқаны: «шерулер енді басталып жатқан кез, әлі қантөгіс жоқ, бұзақылық жоқ, Алматыдағы шерулер де енді басталып жатқан. Сол кезде маған Мәскеуден жігіттер хабарласты. Үлкен погондағы шенділер, сенуге болатын адамдар. Сендердің елдеріңе кіруге 9 дивизия дайын тұр. Атауларын да атап айтқан, оның ішінде әуе-десант күштері, басқа да күштер, ауыр қарулармен жабдықталған дивизиялар бар. Жақын күндері елдеріңе кіреді, өздерінің тәртібін орнатады деді. Содан бұл туралы билікке айтып көрдім, хабар жібердім, бірақ олардан ешқандай ұсыныс, әрекет болған жоқ. Сосын амалсыздан теледидарға шығып осындайды айтуға тура келді деді. Менің ойымша егер ОДКБ әскері кірсе Ресейдің жаңағы зұлымдық идеясы іске аспайтын еді. Себебі ОДКБ халықаралық күштер ғой. Оған біз де мүшеміз.  Бірақ 1-2 күннен кейін Мемлекет басшысы ретінде Тоқаев та ОДКБ-ға шағымданды. Және тез бірнеше сағат ішінде шешім қабылданды әрі Ресейдің ойы іске аспай қалды. Сондықтан олар амалсыз ОДКБ құрамында ғана дайын тұрған бір полк әскерін жіберді»,- деді Ұзақбай Айтжанов.


Айтжановтың пайымдауынша аз уақытта мұнша әскер дайындап қою мүмкін емес.

Еске салсақ, бір дивизияда шамамен 10-20 мың аралығында адам болады.