Қазақстанға Ресей сурет өнерінің шығармашылық мұрасы әкелінді

Көрмені Ресей Федерациясы мен ҚР Мәдениет министрліктерінің қолдауымен «Халықаралық мәдени орталық» АКЕҰ (Ресей) және Қазақстан халқының рухани даму қоры ұйымдастырды, хабарлады Ұлттық музейдің баспасөз қызметі.

Ресейлік төрт музей («РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығы, Тверь облыстық сурет галереясы, Ивановоский облыстық көркемсурет музейі, Серпухов тарихи-көркемсурет музейі) Ресей суретшілер одағымен бірлесіп, арнайы жасақталған бірегей экспозицияларының жинағын ұсынады. Көрмеге ұлттық көркем сурет дәстүрінің төрт жүз жылдық тарихы ашылатын 50 автордың 90-нан астам жұмысы қойылған. Кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің негізгі жанрлары арқылы Империялық Ресей, Кеңестік Ресей, Ресей Федерациясы тарихын тануға болады.

«Орыс кескіндеме өнерінің төрт ғасыры» көрмесінде А. Венециановтың, В. Тропининнің, С.Щедриннің сирек көрсетілетін картиналары, тарихи және эпикалық сипаттағы картиналарды салған И.Репин, В. Суриков, В.Верещагин, В. Поленов сынды орыс суретшілерінің жұмыстарымен танысуға болады. Пейзаж жанрының үздік шеберлері И.Айвазовскийдің, А.Саврасовтың, И.Левитанның, С.Жуковскийдің жұмыстарын көркем сурет жинағының ерекше құндылығы ретінде атап өтуге болады, делінген хабарламада.

«Біздің мемлекеттеріміздің мәдениет мекемелері мен өнер қайраткерлерінің белсенді және мүдделі бірігіп жұмыс жасауы мен көптеген жылдар бойы біздің халықтар арасындағы қалыптасқан тығыз мәдени байланыстың арқасында қазақстандықтардың «Орыс кескіндеме өнерінің төрт ғасыры» атты бірегей көрмесімен танысуына тамаша мүмкіндік туып отыр», - деді Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры Д.МЫҢБАЙ.


Көрме 14 қыркүйекке дейін жұмыс жасайды.