Қазақстанға ресми сапармен Израиль өкілдері келді

Сапардың мақсаты - Израиль мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастарды дамыту, Израильдің Қазақстанға инвестиция салуына тың мүмкіндіктер қарастыру болып табылады.

Өкілдер құрамында орта және ұзақ мерзімді сақтандыру саласындағы тәуекелдер жөніндегі аға сарапшы Алекс Авербух, сақтандыру полистері бөлімінің жетекшісі Ади Гросс, "Аполим" банкінің сауда-қаржы департаментінің менеджері Иуда Харель, Шығыс Еуропадағы сыртқы сауда департаментінің директоры Йонатан Леви сынды адамдар бар.
Сапар барысында делегация өкілдері Алматыда Қазақстан рыногында жұмыс істейтін Израильдік кәсіпкерлермен, ҚР экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорациясының басшылығымен, "Қазкоммерцбанк", "Қазақстан Халық Банкі", "ТұранӘлемБанкі", "Каспий Банкі", "Қазинвест" және ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің басшылығымен кездеседі.
Сондай-ақ, Астанада өкілдер ҚР индустрия және сауда министрлігінің, ҚР қаржы, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрліктерінің өкілдерімен кездесулер жоспарланған.