Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша сот отырысы шілденің 9-ы Астана уақыты бойынша түстен кейін басталды. Алғашқы отырысқа 40 шақты адам қатысты. Көбі - айыпталушының жақындары, Қытайдан келген этникалық қазақтар, белсенділер. Отырысқа Қытай қазақтарының жағдайы туралы Еуропарламентте көтерген белсенді, Германия қазағы Өмірхан Алтын да келді.
Алғашқы отырысқа айыпталушы Сайрагүл Сауытбайды қолына кісен салып әкелді. Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлімі (“Шекараны заңсыз кесіп өту”) бойынша айып тағылып отыр. Бұл бапта мың айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе елден шығару жазасы қарастырылған.
Процесс ашық болғандықтан келушілерге соттан видео трансляция жасап, камераға түсіруге ешқандай кедергі болмады.
Сот орыс тілінде жүре бастаған соң аудармашы Сайрагүл Сауытбайға судья Динара Құйқабаеваның сөздерін қытай тіліне аударып бере бастады. Осы сәтте сотқа келгендер арасында “Қытай тілінің не қатысы бар?” деген пікірлер байқалды. Кейін айыпталушы Сайрагүл Сауытбай сотты қазақ тілінде өткізуді сұрап, сол ыңғайлы болатынын айтты. Сот процесін мемлекеттік тілде жүргізуге прокурор Арзыгүл Имярова да қарсы болған жоқ. Бұдан соң судья Сайрагүл Сауытбайдың өтінішін қарастыру үшін кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Шамамен бір сағаттан соң оралған судья айыпталушының өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын кейінге қалдырды.
Келесі сот отырысы 13 маусым күні таңертеңгі сағат 10-ға белгіленді.
Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспанның айтуынша, "бұған дейін іс-қағаздары мен сұрақ-жауап орыс және қытай тілдерінде жүргізілген. Ал Сайрагүл орысша білмейді және кириллица таңбасын оқи алмайды. Бұған қоса, тергеу амалдары кезінде қытайша құжаттар да қолданылған. Тергеу кезінде Сайрагүл қазақ және қытай тілдерінде бірдей деңгейде білем деп айтқандықтан тергеушілер оған орыс-қытай тілінде аударатын аудармашының қызметін ұсынған".
- Тергеу кезінде істі орыс тілінен қазақ тіліне ауыстырып тастауға болатын еді. Алайда істің өзі күрделі қылмысқа жатпайтындықтан әрі мен қорғап отырған азамат кінәсін толық мойындағандықтан бұл мәселені қозғаған жоқпыз. Егер қозғасақ, тергеу материалдарының бәрін қазақ тіліне аударуға тура келеді. Бірақ олай жасаған жоқпыз. Жалпы тілге қатысты ешқандай құқықтарымыз бұзылған жоқ, - дейді Абзал Құспан Азаттық тілшісіне.
“ӨЛСЕМ СҮЙЕГІМ ОСЫ ЖЕРДЕ ҚАЛСЫН”
Алғашқы сот отырысына Сайрагүлдің ері Уәли Ісләм мен кәмелетке толмаған екі баласы да қатысты. Мамыр айының ортасында ұсталғаннан бері ері Сайрагүлмен бір мәрте кездескен.
- Көп сөйлесе алмадық. Бес-ақ минут берді. Жанымызда адам болды. Сұрауға да болмады. "Денсаулығың қалай?", "мықты бол", "бәрі жақсы болады" деп қана тіл қатыстық. [Сайрагүл] үкіметтен, халқынан араша сұрайды. "Өлсем сүйегім осы жерде қалсын" деп отыр, - дейді Уәли Ісләм.
Уәли Ісләм қазір Алматы облысында екі баласымен бірге пәтер жалдап тұратынын айтады. Балаларын өзі қарап отырғандықтан, "тұрақты жұмысқа да шықпаған".
Белсенді Серікжан Біләл, Уәли Ісләм және оның екі баласы мен інісі баспасөз мәслихатында отыр (оңнан солға қарай). Алматы. 25 мамыр 2018 жыл
Дәл осы сот қарсаңында жергілікті ақпарат құралдары Германияның "Society for threatened peoples" (Қауіпті жағдайдағы адамдарды қорғау) адам құқықтарын қорғау ұйымы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазған. Хатта ұйым Назарбаевтан Сайрагүл Сауытбайға араша түсіп, "Қытайға қайтармауды" сұраған. Ұйым мәлімдемесінде Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтарған жағдайда оның өміріне қауіп төнетіні айтылған. Хат ұйымның арнайы бланкісінде жазылған.
Қытайдағы қазақтар мәселесін былтырғы Астанадағы Дүниежүзілік қазақтар құрылтайында Назарбаевқа айтқан Германия қазағы Өмірхан Алтай Еуропа парламенті бұл мәселеге араласады деп үміттенеді.
- Бұрындары Қытайдағы аз ұлттар мәселесі көтерілгенмен бірінші рет Еуропарламентте адам құқықтары комитетінде талқыланды. Олар төменде талқылап, өздерінің шешімдерін қағазға түсіріп, жоғарыға жіберді. Алдағы күндері мұның бір нәтижесі болып қалады деп үміттеніп жүрміз, - деді ол Азаттық тілшісіне.
"САЯСИ ТӘРБИЕ ЛАГЕРІНДЕ МҰҒАЛІМДЕР ДАЙЫНДАҒАН"
Мамырдың ортасында Алматы облысының тұрғыны Уәли Ісләм әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен ұстап алып кеткенін хабарлаған. Кейінірек Сайрагүл Сауытбайдың Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырғаны анықталған.
Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келгісі келген. Туыстарының айтуынша, “Сайрагүл Сауытбайдың Қытайда мемлекеттік қызметте істеуіне байланысты жергілікті билік паспортын алып қойған". Сондықтан ол "Қазақстан азаматтығына тапсыра алмаған".
Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ
Жақындарының сөзінше, “Сайрагүл Сауытбай Қытайда балабақшада жұмыс істеген және аймақтағы саяси тәрбие лагерьлерінде мұғалімдер дайындаған. Бюджеттен ақша алғандықтан ол мемлекеттік қызметкер санатына кіріп, Қытай оның сыртқа шығуына рұқсат етпей отыр”.
Сайрагүл Сауытбайдың ері Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған.
Уәли Ісләм биыл мамырда Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп,Қазақстан билігінен көмек сұраған. Ол әйелі "Қорғас кеден бекетіндегі “бір күндік визасыз режимді” пайдаланып, Қазақстан жаққа өтіп кетсе керек" деп жорамал жасайды. Уәли Ісләм жиында "әйелімді Қытайға бермей Қазақстанда соттасын" деген.