Қазақстанға жуық арада экономикалық дағдарыс төніп тұрған жоқ - Экономикалық зерттеулер институты

"Қазақстан дағдарысты басынан кешіруде немесе жақын арада дағдарысқа ұшырайды деп айтуға әлі ерте және негізсіз", - деді В. Додонов.

"Дағдарыс - қаржылық және экономикалық проблемалардың ең шегі. Бұл дегеніміз экономиканың көптеген салаларындағы құлдырау, негізгі макроэкономикалық индикаторлардың күрт төмен түсуі. Дағдарыстың басты белгісі - экономикалық жағдайды мемлекеттік реттеудің дәстүрлі әдістерімен басқарудың мүмкін еместігі, қаржы нарығындағы байбалам", - деп түсіндірді ол.

"1997 жылы мұндай оқиға Оңтүстік-Шығыс Азияда, 1998 жылы Ресейде болған. Ал Қазақстанда мұның бірі де жоқ", - деді В. Додонов.

"Иә, дүниежүзілік экономикаға интеграциялану салдарынан елімізде банк саласында банкаралық несиелендіру мөлшерлемесінің өсімі және нсиелендіру көлеміне шектеу қою бойынша белгілі проблемалар туындай бастады. Жылжымайтын мүлік бағасы айтарлықтай төмен түсті, инфляциялық үрдістер қарқын алды, ЖІӨ мен өнеркәіп өнімінің өсуі азайды", - деп сөзін жалғастырды ол.

"Біздің ойымызша, пайда болған проблемаларды дағдарыс деп атуға келмейді. Себебі, соңғы айлардағы негізгі макроэкономикалық индикаторларға қарайтын болсақ, олардың басым көпшілігі оң бағытта тұрғанын көреміз", - деп атап өтті В. Додонов.

Ол өнеркәсіп өнімінің көлемінен мысал келтірді. Ол қаңтар-қараша айларында 2006 жылдың сол мезгілімен салыстырғанда 4,5% өскен. "Өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 6,9 %, тау-кен өнеркәсібінде - 2,8%, ауыл шаруашылығының ішкі өнімінің көлемі 8,5%, негізгі капиталға салынған инвестиция 10,5%, ал мемлекеттік бюджетке табыс 20% өсті", - деді ғалым.

"Мұның барлығы, біздің ойымызша, Қазақстанда қазіргі уақытта немесе жақын болашақта қандай да бір экономикалық дағдарыс болады деп айтуға келмейтін сияқты", - деп сөзін қайталады В. Додонов.

"Қазақстан шикізаттың дүниежүзілік нарығына тәуелді экспортқа икемделген мемлекет екендігін ескеру қажет. Ал қазіргі уақытта мұнайдың әлемдік бағасы рекордтар орнатуда. Ал алтын мен өзге де өнеркәсіп металдарының бағасы өз өсімдерін қайта жаңғыртты", - деп сөзін қорытындылады ол.