28-қазанда "КамАЗ" АҚ-ның бас директоры С.Когогин, "Астана-Финанс" АҚ-ның басқармалары төрағасы Қ.Исламов пен "Орталық Азиялық жылу-энергетикалық компаниясы" ЖАҚ-ның директорлары кеңесінің мүшесі Е.Әмірханов Көкшетаудағы "Көкше" АҚ-ның өндірістік алаңдары базасында автобус шығаратын бірлескен кәсіпорын құру туралы ниет хаттамасына қол қойды. Мамандардың есептеуінше, жобаға жұмсалатын инвестиция ауқымы 20-30 млн. долларды құрайды.
Бастапқы кезеңде жолаушы сыйымдылығы жоғары қалалық 200 автобус пен орташа сыйымдылығы бар 1,5 мың автобус өндіру көзделіп отыр. Бұл санды жылына 3 мыңға дейін жеткізу мүмкіндігі бар. Автобустарды құрастыруда КамАЗ шассилері мен көбінесе қазақстандық кәсіпорындарда өндірілген бөлшектер қолданылады.
"КамАЗ" ААҚ, "Астана-Финанс" АҚ, "Қазақстан Инжиниринг ҰК" ААҚ, "Тыныс"АҚ-ның мамандары қамтылған жұмыс тобының маркетингтік зерттеулерінің қорытындысына қарағанда Қазақстан рыногының жыл сайынғы автобусқа деген сұранысы 4-4,5 мыңды құрайды.