Қазақстаннан қажылыққа 5 мың адам барады


«Біз жылда қажылық маусымы біткеннен кейін бүкіл туристік фирмаларды шақырып, нәтижесін шығарамыз. Сондай-ақ қажылық біткеннен кейін Сауд Арабиясының Қажылық министрі мені шақырып, Қазақстандағы алдаңы кезеңдегі қажылықты ұйымдастыру мәселесін талқылайды. Қажылыққа қанша квота сұрайсыздар дегендей. 25 сәуір мен 1 мамыр аралығында Меккеде болдым», - деді Әбсаттар Дербісәлі. Бас мүфтидің айтуынша, биыл Қазақстан 5 мың квота сұраған. Осы арада айта кететін бір жайт бар. Квота дегенде кейбір жұрт тегін таратылады деп ойлайды. Бұл қате түсінік. 5 мың квота дегендік Сауд Арабиясы қажылықта Қазақстаннан 5 мың адамды қабылдайды деген сөз. Жалпы Қазақстаннан 1994 жылы қажылыққа 170 адам барса, былтыр олар 4097 адамды құрады. Ал жатын орын, ас-су, көлік мәселесімен әлемдік тәжірибе бойынша туристік фирмалар айналысады. Сауд Арабиясында қажылық кезінде бір қаладан екінші қалаға бару үшін қажылар жергілікті туристік фирмаларға тіркеледі. Онсыз жібермейді.