Қазақстанның 10 жоғары оқу орнына қосымша 10 млрд. теңге бөлінеді

Бүгін Білім және ғылым министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ведомство басшысы Аслан Сәрінжіпов осылай мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің жоғары білім беру жүйесінде 127 жоғары оқу орны қызмет етсе, онда 500 мыңнан астам адам оқып жатыр. Бұл ретте кадрлар даярлау бойынша мемлекеттік тапсырыс ағымдағы жылы бакалаврлар үшін 34 мың грантты және магистранттар үшін 7 мың грантты құрады.

«Ал PhD докторларын даярлауға 656 грант бөлінді, олардың ішінде еліміздің ғылыми-зерттеу институттары үшін интеграцияланған бағдарлама бойынша бөлінген қосымша гранттар да бар. Жалпы, «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген тапсырманы орындау аясында 2015-2017 жылдары еліміздің 10 жоғары оқу орнына бұған дейін бюджетте бекітілген қаражатқа қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді», - деді А.Сәрінжіпов.

Оның сөзіне қарағанда, қосымша қаражатты негізінен жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамытуға, оларды материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсау көзделіп отыр.