Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кездесуге түрлі діндер мен сенімдердің (христиан, ислам, иуда, будда, бахай, брахма, сикхизм) өкілдері, БҰҰ-ның (ЮНЕСКО, ЭКОСОС), БҰҰ Адам құқы жөніндегі бас комиссариаты, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі бас комиссариаты, БҰҰ Даму бағдарламасы) институттары, мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысумен айналысатын үкіметтік емес (Киелі Эджидио қоғамы, Еркін діндердің халықаралық ассоциациясы, Дінаралық кездесулердің ассоциациясы, Иордания Королі дінаралық зерттеулер институты, Бірлескен діни бастамалар және тағы басқалар) ұйымдар, сондай-ақ Швейцарияда тіркелген Италия, Румыния, Филиппин, Ресей, Кипрдің елшілері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты БҰҰ онжылдығын жариялау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу, бастамаларды ілгерілету тетіктерін талқылау мен оны БҰҰ-на мүше елдердің және мүдделі ұйымдардың кеңінен қолдауын қамтамасыз ету болып табылады. БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы 63 сессиясы (2008 жылдың қыркүйегінде) барысында тиісті қарардың жобасын енгізу жоспарланып отыр.
Форумға Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы парламенті сенаты аппараты Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі Б.Арын бастаған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығының делегациясы қатысты.
Қазақстан делегациясы шараға қатысушыларды жаһандық деңгейде конфессияаралық үнқатысуды ілгерілетудегі Қазақстанның күш-жігері, 2003 жылы және 2006 жылы болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші және екінші съездерінің нәтижелері, сондай-ақ еліміздің тұрақтылықты, дінаралық және ұлтаралық келісімді сақтаудағы тәжірибесі мен жетістіктері туралы хабардар етті.