Н.Назарбаев "жаҺандану мен ұлттық экономикаларды кіріктірудің қазіргі кезеңіндегі құбылыстардың Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттық пен тасымалдың анағұрлым артуына алып келгенін" атап өтті. "Еуропа мен Азия елдері арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі, халықаралық институттардың мәліметінше, 700 млрд доллар деңгейіне жетті, соның ішінде транзиттен түскен кіріс 40-50 млрд долларды құрайды. 2010-жылға дейін тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 1 трлн доллар деңгейіне көтерілмек",- деді мемлекет басшысы.
"Алайда, Қазақстанның транспорттық компанияларының тауар транзитінен тауып отырған пайдасы жылына 500 млн доллар деңгейінде, бұл Еуропа мен Азия арасындағы жалпы транзит нарығының 1 процентін құрайды. Бұл қазәргі бар процедураның өсіп келе жатқан экономикалық сұраныстарға сай келмейтіндігін көрсетеді. Ал инфрақұрылымды дамытуға бюджеттен жұмсалатын шығындар көлемі жыл санап анағұрлым өсе түсуде. Осыған байланысты елдің әлеуетін жоғары деңгейде дамыту үшін топжарғыш жобалар мен оларды жүзеге асыруға қажетті тың көзқарастар қажет",- деді Н.Назарбаев.
Оның пікірінше, Қазақстанда маңызды трансаймақтық транзиттік орталыққа айналуға қажетті алғышарттардың бәрі бар. "Еуразия құрлығының дәл кіндігінде, ірі экономикалық аймақтардың, сондай-ақ, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің түйілісінде орналасқан Қазақстан ғаламдық саяси және экономикалық байланыстардың қазіргі заманғы жүйесіне белсенді кіріге бейімделуге тиіс",- деді президент. "Қазақстан Батыс мен Шығыс арасын жалғастыратын көпірге айналуға тиіс",- деді мемлекет басшысы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті