Ә.Бәйменовтың айтуынша, осындай орган құру туралы шешім партияның бесінші құрылтайында қабылданған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық комитеттің басты мақсаты - қоғам мен құқық қорғау мекемелерінде сыбайлас жемқорлық деректеріне деген жиіркеніш сезімін қалыптастыру және мемлекеттің жемқорлыққа бой алдыру көрінісіне жол бермеуге жүйелі алғышарттар туғызу болып табылады, деді партия жетекшісі.
Комитет осы мақсатпен мемлекеттік мекемелердің іс-қызметін қадағалаушы қоғамдық мониторинг ұйымдастыруды, түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық деректеріне БАҚ-тармен бірлесе отырып қоғамдық тексеру жүргізуді, бюджет қаржысының жұмсалуына және мемлекет аясындағы жемқорлықпен күресті ұйымдастыру міндетін жүктеп алған мемлекеттік мекемелердің іс-қызметіне қоғам тарапынан бақылау орнатуды көздеп отыр. Комитет бұған қоса сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісіне атсалыспақшы.
Ә.Бәйменовтың айтуынша, жаңа қоғамдық комитет құру қажеттігі "Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың кеңінен етек алуына" және ел экономикасы өскен сайын "сыбайлас жемқорлықтың белең алуына артықша қолайлы жағдайлардың жасала түсуіне" байланысты болмақ. Атап айтсақ, "басқа да мемлекеттік мекемелер сияқты, жаңадан құрылған мемлекеттік даму институттарының жұмыс істеу принциптері де ашық емес, сондай-ақ, мемлекеттік инвестицияларды түрлі салаларға, соның ішінде құрылыс саласына тарату жүйесі ашық болмай отыр".