"КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен арнаулы қызметтер біршама ұзақ уақыт бойы мемлекеттің мүддесін қорғауға жұмыс істеп келді. Қоғам мен азамат мүддесі осыдан кейінгі орындарда тұрды",- деді В.Божко. "Ал қазір біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертіп, бірінші кезекте жеке тұлғаның, қоғамның, содан кейін ғана мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көштік",- деді ол.
Оның бағалауынша, "мәселені осы қырынан қою комитет алдында тұрған міндеттерді шешудің ретін ғана өзгертіп қоймай, еліміздің арнаулы қызметінің іс-қызметінің мазмұнына да анағұрлым ықпалын тигізеді".
Сонымен бірге, В.Божконың пікірінше, Қазақстан егемендігін алғаннан кейін ҰҚК-нің іс-қызметі мен мақсаттарының қоғам үшін ашықтығы мен жариялылығы артты. "КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті КОКП ОК-нің айрықша құпия әрі аса маңызды деп сипаттайтын нұсқамаларына сай жұмыс істеп келді. Соның салдарынан азаматтар ол шешетін мақсаттар мен проблемалардан бейхабар болатын",- деді төраға орынбасары. "Ал ҰҚК-нің 15 жылғы даму барысында мемлекеттілігіміздің жалпы дамуы аясында біз бірқатар заңдардың жобасын жасап, комитет іс-қызметінің ашықтығын қамтамасыз еттік. Нәтижесінде азаматтар біздің жүйенің іс-қызметін реттейтін заңдарға нақты сілтеме жасау мүмкіндігін алды",- деді ол.
В.Божко осы орайда "ҰҚК туралы", "Шұғыл іздестіру іс-қызметі туралы", "Ұлттық қауіпсіздік туралы" заңдарды еске салды. "Осы заңдарға сәйкес азаматтарымыз көптеген мемлекеттік мекемелердің бірі ретінде біздің құрылымның атқаратын функциялары мен мақсат-міндеттерінен хабардар",- деді ҰҚК өкілі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті