Қазақстанның аумақтық суларында ірі көлемде бекіре тұқымдас балықтар партиясын тиеп алған Әзербайжан кемесі ұсталды

Су полициясы қызметкерлерінің айтуынша, кеме балықшылар ау құрып қойған Жығылған мүйісінің маңында көзге түскен. Бұдан кейін кеме Қаражанбас шығанағына қарай бет алады. Алайда, қатты дауылға байланысты теңізге шығып, табиғат қаскөйлерін ұстауға мүмкін болмай, шекара бұзушыларды үш күн бойы бақылауға тура келген. Балықшылар кемесі 8-сәуірге қараған түні Долгий аралынан солтүстікке қарай 5 шақырым жерде ұсталды. Кеме бортында 7 Әзербайжан азаматы болған.

Маңғыстау облыстық ІІБ су полициясының бөлім тергеушісі Зейнұр Қаражановтың айтуынша, кемеде жүргізген тінту барысында 5 шақырымдық ау мен 1740 кило бекіре тұқымдас балықтар түрі табылды. "Бұл - өткен жылдан бері алғаш рет ұсталып отырған ірі көлемдегі заңсыз ауланған балық партиясы",- дейді ол.
Браконьерлік кеменің капитаны мен оның құрамының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Балық аулау құралдары мен балық тәркіленді.
Маңғыстау облысында "Бекіре-2005" балық қорғау шарасы 1-сәуірде басталған. Оған су полициясы бөлімі мен табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері, шекарашылар, кеденшілер мен балық қорын қорғау инспекциясының мамандары қатысуда. Заңсыз ауланған бағалы балық түрлерін елден шығаруға тосқауыл қою үшін барлық тексеріп-өткізу бекеттерінде автокөліктер тексеруден өтеді. Облыс аумағында екі бірдей мобильді шұғыл-іздестіру топтары жұмыс істейді.
2005-жылдың 1-тоқсанында су полициясы бөлімдері 12 рейдке шықты. Балық қорғау саласындағы заң бұзуға қатысты үш дерек әшкереленді.