Ұлыбританияда Азық-түлік келісім-шарты корпорациясының өкілдігін ашуда корпорация мен Ұлыбританиялық және халықаралық астық компаниялары арасында ықпалдастық орнатуды қамтамасыз ету, сонымен қатар астық және оны өңдеу өнімдерінің сауда-саттығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту тәрізді басты мақсаттар көзделіп отыр.
Елшіліктегілердің атап көрсетуінше, "астық рыногындаы көптеген ойыншылардың мүддесі тоғысып жататын, халықаралық сауда-саттық орталықтарының бірі - Лондонда өкілдік ашудың өзіндік себептері де бар". Астық жөніндегі халықаралық кеңестің бас пәтері Лондонда орналасқан.
Тұсаукесер рәсімге Қазақстанмен арада қарым-қатынас орнатудан мүдделі Ұлыбритания, Швейцария, Австрия және басқа да елдердің компаниялары өкілдері қатысты.
Қазақстандық өкілдердің сапары аясында сонымен қатар Англияның Корольдік ауылшаруашылығы қоғамының (Royal Agricultural Society of England) өкілдерімен кездесу болып өтті. Бұл қоғамның іс-қызметі Ұлыбританияда ауылшаруашылығын дамыту және осы саладағы түрлі халықаралық шаралар өткізуге бағытталған. Қазақстандық өкілдер жыл сайын өткізілетін Корольдік ауылшаруашылық шоу деп аталатын шараға ерекше қызығушылық танытты. Онда "өндірушіден" "тұтынушыға" дейінгі технологиялық тізбектің барлық бұтақтары, атап айтсақ, ет-сүт өнімдері, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, биотехнологиялар, өндірістік жабдықтар және ауылшаруашылығына арнап машина жасау, маркетингтік және зерттеу институттары мен ұйымдар өз жетістіктерін ортаға салады. Қазақстандық агробизнес өкілдері осы шоуға қатысу перспективаларын талқылады.