Қазақстанның барлық аймақтары теміржолмен, тас жолмен, әуе бағыттарымен өзара тығыз байланысуы керек - Н.Назарбаев

«Қазақстанның барлық аймақтары теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту - елдің ішкі әлеуетін арттырады, облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады»,- деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Осы орайда ұланғайыр елімізде жол салынбаса, экономиканы өркендету қиынға түсетіндігін атап өтті.

«Астанадан Батысқа, Шығысқа, Оңтүстікке және Солтүстікке салған жолдарымыз болашақ ұрпақтың есінде қалатын болады»,- деді Президент.

Бұл тұрғыда Н.Назарбаев негізгі көлік жолдары жобаларын жүзеге асыру керектігін жеткізді.

«Бізде Бурабайға дейінгі бірінші тәжірибеміз бар. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралін аяқтау керек. Бұдан кейін құрылысы басталған Астанадан Алматыға дейінгі жолды саламыз. Сонымен қатар Астанадан Павлодар, Семей арқылы Өскеменге дейінгі жол қамтылып отыр. Бұдан бөлек, Астана-Ақтөбе-Атырау, Алматыдан Өскемен бағыты, Қарағандыдан Жезқазғанға дейін және ары қарай Қызылордаға, Атырау-Астрахан жолдары бар»,- деді Президент.