Елімізде гептил пайдалануға тыйым салу және экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі азаматтық коалиция құрылады, деп «Қазақстанның экологиялық қоры» ҚҚ президенті Мұсағали Дуамбеков мәлім етті.
«Коалиция гептилмен ұшатын «Протон» зымырандарына тыйым салу, Қазақстандағы әскери полигондарды жабу, табиғи кеніштерді оңтайлы пайдалану үшін күреседі», - деді М.Дуамбеков журналистерге «Ресейдің Қазақстандағы әскери полигондары: олардың адам денсаулығына әсері мен келешегі» деп аталатын конференцияда.
Оның айтуынша, «Қазақстандағы азаматтық қоғам үшін әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуде күш біріктіретін кез жетті».
Коалицияға еліміздегі көптеген қоғамдық бірлестіктер енеді, деп қосты ол.
«Гептил отыны – адамдардың көзін жою үшін пайдаланылатын зарин сынды улы газ. Бірақ, ол зымырандарға арналған стратегиялық отын болғандықтан ешқашан зерттелген жоқ, оған мүмкіндік бермеді. Әскери зымырандар ұшырылса, олар қолданатын жанармайды зерттеуге болмайды делінді. Егер оны адамдардың, болашақ ұрпақтың саулығы үшін зерттегенімізде, біз шетелдердегі сияқты жүз жыл бұрын гептилді пайдалануға тыйым салған болар едік», - деп атап өтті М.Дуамбеков.
Оның ойынша, «үкіметтен, көршілеміз бен гептилді пайдаланып отырған Ресейден оны зерттеуді өзіміз сұрауымыз керек».
М.Дуамбеков бұл ұстанымның Ресейге қарсы бағытталмағанын және Қазақстанның экологиялық мүддесіне байланысты нәрсе екенін атап өтті.
Коалицияға қосылғандар арасында Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоры президенті Зәуреш Батталова, «Демократия және адам құқықтары институты» ҚБ директоры Болатбек Біләлов, Алтынбек Сәрсенбаев атындағы қор жетекшісі Айдос Сарым, Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан сынды азаматтар бар.