Қазақстанның бірқатар өңірлерінде боранға байланысты республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы шектелді

Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы бойынша (бұрқасын боран, көктайғақ) сағат 15:00-ден бастап «Өскемен-Зырян-Катон-Карағай-Рахман қайнарлары» (6-65 км) автожолының «Ушанова-Серебрянск» учаскесінде қоғамдық автокөлік үшін уақытша жол қозғалысы шектелді. Ал сағат 16:40-тан бастап Қарағанды облысы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты (қатты жел, жол көрінісінің шектелуі) қоғамдық және жүк автокөліктеріне жолға шығуға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, Ақмола облысы аумағында сағат 17:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (бұрқасын боран, жол көрінісінің шектелуі) «Астана-Ерейментау-Шідерті» (16-205 км) жолындағы барлық автокөліктер үшін жол қозғалысы шектелді. Осы өңірдегі «Екатеринбург-Алматы» (1280-1335 км) жолының «Астана-Қарағанды облысы» учаскесі бойында да қоғамдық және жүк автокөліктері үшін қозғалысқа жол жабылды.

Сонымен қатар Павлодар облысы өңіріндегі боранға байланысты сағат 18:00-ден бері «Астана-Ерейментау-Шідерті» (205-259 км) жолы, «Қызылорда-Павлодар» (1135-1205 км) автожолында барлық автокөліктер үшін жол қозғалысы шектелді.

Ал сағат 17.45-тен бастап Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты (қатты жел, жол көрінісінің шектелуі) қоғамдық және жүк автокөліктері үшін жол қозғалысы шектелді.

Шығыс Қазақстан облысындағы боранның салдарынан сағат 17:50-ден бері «Өскемен-Зырян-Риддер-Ресей елі шекара» (0-191 км) автожолында қоғамдық автокөлік түрінің жол қозғалысына шектеу қойылды.

Аталған жолда автокөліктердің үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақавтожол» РМК-ның арнайы техникалары кезекшілікке шықты.

«Қазақавтожол» РМК-да автомобиль жолдарының жабылған учаскелері жөнінде халықты хабардар ету үшін тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді: Астана қаласында 8 (7172) 444-777 , Қарағанды облысы бойынша 8 (7212) 77-25-54 , Шығыс Қазақстан облысы бойынша 8 (7232) 26-28-08 телефоны арқылы мәлімет алуға болады.