Шетелдерден инвестиция тарту, бағдарламалық қамтамасыздықтар мен фармацевтикалық өнім өндіру тұрғысынан дүниежүзінде алдыңғы орындағы Ирландия экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту және инновациялық, ІТ-парктер құру бағдарламаларын жүзеге асыра бастаған Қазақстан үшін тәжірибелік маңызы бар ел, дейді елшіліктегілер.
Қазақстандық өкілдер Ирландияның өнеркәсіп, сауда және халықты еңбекпен қамту жөніндегі мемлекеттік министрімен, Ирландиялықтардың елден тысқары жерлердегі іскерлік белсенділігін ынталандыру жөніндегі мемлекеттік ұйым жетекшілерімен, ирландиялық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдерімен және осындағы ірі фармацевтикалық компанияның өкілдерімен кездесті.
Дублин сапары барысында қазақстандық өкілдер Ирландиядағы ең ірі ІТ-паркте болып, елдегі осы тектес парктердің құрылу тарихы мен жұмыс істеу принциптерімен танысты.
Кездесу барысында алдағы жылы Ирландиялық ресми тұлғалар мен кәсіпкерлердің жергілікті рынокпен танысу және қазақстандық әріптестерімен кездесу мақсатындағы сапарын ұйымдастыруға келісім жасалды.