Қазіргі таңда жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, қатерлі ісік, құрт ауруы және басқа да ауру түрлеріне шалдыққандар емдеуге қажетті дәрілік препараттар көлемімен қамтамасыз етілуде. Ал ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі медициналық дәрі-дәрмектер сатып алуға арналған шығындарды жергілікті бюджетте қарастыруды ұсынып отыр.
Қазақстанның диабеттік қауымдастығының президенті Наталья Тукалевскаяның айтуына қарағанда, мұндай тәжірибе "адамдар өміріне қауіп төндіріп, үлкен апаттарға апарып соғуы ықтимал". Ол осы орайда "соңғы үш жылда еліміздегі қант диабеті дертіне шалдыққандар дәрі-дәрмек қамтамасыздығы тұрғысында қиындық көрмегенін" атап өтті. Дәрі-дәрмек сатып алу үшін тендер өткізу барысында ғана "кейбір облыстарда азын-аулақ мерзімдік ауытқулар кездескені болмаса, басқа ешбір тауқымет болған жоқ", деді Н.Тукалевская. Инсулин сатып алу процессіне бақылау қою функциясын жергілікті мекемелерге беру 90-шы жылдардың орта шеніндегі ахуалдың қайталануына апарып соғуы ықтимал. Сол кезде еліміздің әр аймағында дәрі-дәрмек сатып алуға бағытталған тендерлер түрлі уақыттарда өткізілгендіктен, науқастар қажетті дәрі-дәрмекті дер кезінде ала алмау қиындығына душар болған.
Н.Тукалевскаяның айтуынша, елімізде қазір қант диабетіне шалдыққандар гендік-инженерия тәсілімен алынған сапалы адам инсулинімен қамтамасыз етілуде. Жергілікті бюджет тапшылығына байланысты облыстық денсаулық сақтау департаменттері сапасыз әрі қымбат дәрілерді сатып алуға ден қоюы мүмкін. Бұл өз кезегінде қант диабетіне шалдыққан адамдардың денсаулық жағдайының нашарлауына апарып соғатыны анық.
Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің дәрі қамтамасыздығы бөлімінің төрайымы Лариса Кузнецованың пайымдауынша, инсулин сатып алуға бағылау қою функциясын жергілікті мекемелерге беру науқастардың қажетті инсулинмен аз көлемде қамтамасыз етілуіне алып келеді. Бұл жергілікті бюджеттердің қаржы тапшылығына байланысты деді ол.
Қазақстанның диабеттік қауымдастығының президенті Наталья Тукалевскаяның хабарлауынша, инсулин сатып алуға бақылау қою функциясын жергілікті мекемелерге беру мәселесіне байланысты консультациялар ертең Астанада басталады. Қазақстанның диабеттік қауымдастығы дәрі-дәрмектерді орталықтандырылған тәртіппен сатып алу үрдісін уақытша бұрынғыдай сақтап қалып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу арқылы арнаулы бағдарламалар аясында дәрі -дәрмек сатып алу тәртібіне біртіндеп көшу жөнінде ұсыныс жасамақшы.
Ресми мәліметтерге қарағанда, елімізде қазір қант диабетіне шалдыққан 106 мың науқас бар. Бұл нақты деректің шашамен үштен бір бөлігін ғана құрайды дейді Н.Тукалевская. Жыл сайын республикалық бюджеттен осындай науқастарға арнап дәрі-дәрмек сатып алуға 1,4 млрд. теңге бөлінеді.