Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болу жөніндегі өтінішін қарау мерзімі сыртқы істер министрлері кеңесінің 2007-жылғы 15-ші отырысына дейін кейінге қалдырылды

"Пікірталастар күні бойы жалғасты. Бірақ соған қарамастан біз Қазақстан тиісті деңгейге көтерілгенге дейін күте тұрғанымыз қажет деп санаймыз",- деп мәлімдеді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 14-отырысы аясында Брюссельде өткен брифингте ұйымның қазіргі төрағасы Карл де Гюхт.

"Қазақстан 2011-жылы ұйымға төраға болумен мүлдем келіспейтіндігі бізге мәлім. Сол себепті біз балама шешімді ұсынбақпыз",- деді К.де Гюхт. Оның айтуынша, ондай шешім - республиканы "бағалау" мерзімін 2007-жылға дейін шегере тұруға саяды. Ал аталған жылы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 15-отырысы өтетіні белгілі. "Елде жүзеге асырылған реформаларға сол кезде саяси баға беруге болады деп ойлаймыз",- деді ұйым басшысы.

"Осы жолы Брюссельде Қазақстанға қатысты бір жақты пікірге келе алмадық. Біз күте тұрып шешім қабылдауға тиіспіз",- деп қорытты К.де Гюхт.

Еске сала кетейік, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009-жылы төраға болуға нет білдірді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті