Баяндамасын бастамас бұрын Қ.Шалғымбаев кеше, 20-мамырда Standard & Poors халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанға "ВВВ-" рейтингісін беріп, Қазақстан даму банкінің рейтингін "егеменді" деген деңгейге көтергенін хабарлады.
Қ.Шалғымбаевтың айтуынша, үш жылғы жұмыс барысында Қазақстан даму банкі жалпы еліміз бойынша берілген инвестициялық несиелердің төрттен бір бөлігінен астамын қаржыландырған. "Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға жағдай жасалды",- деді ол. "Банк несиелерінің көлемі жыл өткен сайын арта түсуде. Банк негізінен өндіріспен технологиялық байланысы бар тізбек құруға бағытталған жобаларды несиелендіруде". Бұл Қазақстанның шикізатты экономикадан индустриялық экономикаға ден қоюына, тек сыртқы ғана емес, сондай-ақ, ішкі инвестицияларды тартуға түрткі болады,- деді Қ.Шалғымбаев.
Қ.Шалғымбаевтың пікірінше, бүгінгі кездесу - әлемдік экономика, жалпы дүниежүзілік қауымдастық тарапынан Қазақстанның экономикалық өсуіне, республиканың әлеуетіне деген қызығушылықтың арта түскеніне айғақ болса керек. Бұл форумның елімізде өткізілуін біз "Қазақстанның қаржылық институттарына деген қызығушылық" ретінде бағалаймыз,- деді Қазақстан даму банкінің президенті.