"Біртұтас кандидаттың кім болатынын блоктың үйлестіру кеңесі шешеді",- деді М.Нәрікбаев. Ол осы орайда блок қазіргі президентті қолдай ма, әлде басқа үміткердің атын ұсына ма деген сауалға нақты жауап беруден бас тартты. М.Нәрікбаевтың айтуынша, блоктың міндеті - сайлау алдындағы біртұтас тұғырнама әзірлеу және сайлау алдындағы штаб құру болып табылады.
Қазіргі жағдаймен "Қазақстанның халықтық одағы" демократиялық блогын құру және алдағы президент сайлауына қатысу жөніндегі тұғырнамаға қатысты меморандум жобасы жасалған. Блок ел президентінің саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына қоғам тарапынан қолдау мен сенімді қамтамасыз етпекші. Сонымен бірге блок ел ішінде саяси бәсекелестіктің дамуына септігін тигізу, сайлаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету міндетін атқарады. Блок облыс әкімдеріне сенім білдіру жөніндегі қоғамдық комитеттердің негізінде жергілікті жерлердегі атқарушы биліктің іс-әрекеттерін қоғам тарапынан қадағалауды жолға қоймақшы.
Сонымен бірге блок өкілеттілік билік органдарының мәртебесін көтеруге, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасындағы ықпалдастық түрлерін дамытуға және қоғамдық телевидение құру жөніндегі тұжырымдама жобасын жасауға қолдау көрсетеді.
"Қазақстанның халықтық одағы" саяси радикализмге, экстремизм мен ұлтшылдыққа, Қазақстанның ішкі ісіне шетелдер тарапынан араласуға қарсы күрес мақсатын да алға қойып отыр.
Блок сенат, мәслихаттар мен тәжірибелік әкімдер сайлауының барысына бақылаушылық жасайтын болады.
"Асар" партиясы төрайымының орынбасары Серік Нұғманов "Қазақстанның халықтық одағы" демократиялық блогына бірігуге бірқатар ұйымдардың ниет білдіргенін хабарлады. Олардың арасынан Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлерінің одағы, Қазақстан журналистерінің конгрессі, Қазақстан іскер әйелдерінің қауымдастығы, "Жастар таңдауы" қоғамдық бірлестігі, Ұлттық тұтынушылар лигасы, Мектеп және қоғамдық ұйымдар ассоциациясы бар.
Ол "Елбасының жолдауында көрініс тапқан саяси іс-шаралар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қоғамдағы озық күштерді біріктіру - блоктың басты мақсаты" екенін атап өтті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Қазақстанның халықтық одағы" демократиялық блогын құру туралы идеяны 7-маусымда Астанада өткен "Асар" партиясының кезектен тыс құрылтайында партия жетекшісі Дариға Назарбаева жария етті. Бұл бастаманы Қазақстанның демократиялық партиясы қолдады.