ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, карта алдымен альбом үлгісінде шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі кезде аталған карта бойынша жұмыс тобын жасақтап жатырмыз. Абырой болғанда, бізде өлкетанушылар мен географтар қауымдастықтары бар. Бұдан бөлек, өздігімен экспедицияға шығып жүрген ғалымдарымыз да аз емес. Ал нақты киелі жерлердің картасы жайында айтар болсақ, жылдың аяғына дейін біз аталған картаның альбомын дайындап шығарамыз. Әрине, біз оны электронды форматқа да ауыстыратын боламыз», - деді Мұхамедиұлы журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстанның киелі жерлерінің картасын жасауға көп ақша кетпейді. Министрлік барлық шығындарды өз бюджетінен өтейді. «Картаны жасап шығару үшін ақша емес, ақпарат көп керек. Әрине, әрбір тарихи жердің аңыз-әңгімелерін жаза берсек, оған уақыт та, картаның көлемі де жетпейді. Сондықтан айшықты әрі қызықты деген жерлерді іріктеп алғанымыз жөн. Енді, алдағы бір-екі айдың ішінде біз ол картаның электронды нұсқасын көрсете аламыз», - деп атап көрсетті министр.
Айта кетейік, Қазақстаның киелі жерлерінің картасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған негізгі идеяларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр. «Осы тұрғыда, Президент Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыруды тапсырды. Аталған жерлердің барлығы - біздің ұлттық бірегейлігіміздің керегесі», - дейді министр Мұхамедиұлы.