Елбасы жария еткен мәліметтерге сүйенсек, "республикамызда қазақ және орыс тілдерімен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары 11 тілде: соның ішінде украин, поляк, ағылшын, неміс, корей, ұйғыр, түрік, дүнген тілдерінде шығады".
"Ұлттық диаспоралардың "Корё ильбо", "Уйгур авази", Дойчеальгемайне цайтунг" сияқты басылымдарына үнемі мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Мұндай жағдай посткеңестік елдердің ешбірінде кездеспейтінін атай кеткен артық бола қоймас",- деді Н.Назарбаев.
Қазақстандық баспасөз нарығында шетелдік БАҚ-тар да кеңінен таралып отыр.
Қазір Қазақстанның ақпарат кеңістігінде 2400 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары еркін таратылады.
Олардың ішінде "Би-Би-Си", "Рейтер", "Дойче Велле", "Ассошиэйтед пресс", "Интерфакс", "ИТАР-ТАСС", "Франс пресс", "Синьхуа", "Бридж Ньюс" және т.б. әлемнің жетекші ақпарат құралдары да бар.
"Қазақстан жаһандық ақпарат ағысына да есігін айқара ашты.
Спутниктік теледидар мен әлемдік Интернет желісі қазақстандықтар өміріндегі үйреншікті құбылысқа айналды. Соның нәтижесінде отандық баспасөз нарығында интернет серпінді даму жолына түсті. Оны тұрақты тұтынушылардың саны қазірдің өзінде бір жарым миллионнан асып отыр",- деді ол.
Н.Назарбаевтың айтуынша, "бұл жетістіктеріміздің бәрі біз ұстанып отырған либералдық реформалардың бірден бір дұрыстығын айғақтайтын және оның бұдан кейін де табанды түрде жүргізіле беретіндігінің айқын дәлелі болса керек".