Қазақстанның оңтүстігінде жарылыстарға дайындалып жүрген экстремистік топ құрықталды

"Жуырда біздің облыс пен Жамбыл облысында жарылыстар жасауды жоспарлап жүрген топ әшкереленіп, құрықталды. Олардың Хизб-ут-Тахрирге қатысы бар. Бұл топты дер кезінде жоя алдық. Бірақ, шынын айтсақ, 10-12 адам әлі де бой тасалап жүр",- деді Х.Досқалиев.

Облыстық полиция төрағасының айтуынша, экстремистік топты құрықтауға ҰҚК қызметкерлері мен полицейлер бірлесе қатысты. Х.Досқалиев оқиғаның бұдан өзге егжей-тегжейін ашып айтпады.

Сонымен бірге Х.Досқалиев полиция жұмысының ағымдағы жылдың төрт айындағы қорытындысын жария етті. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 2668 қылмыс тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда олардың саны 330-ға азайған. Соның ішінде тіркелген ауыр қылмыстардың саны 130 дерекке азайды. Алайда, оның айтуынша, аса ауыр қылмыстардың саны 10 дерекке артқан. Ал ұрлықтар саны 15,2 процентке, бопсалау қылмысының саны 46,7 процентке азайған.

Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 42,8 килограмм есірткі, оның ішінде 3,6 килограмм героин шығарды. Шұғыл сатып алу тәсілімен жүргізілген арнаулы шаралардың нәтижесінде есірткі сататын 24 орынның іс-қызметі әшкереленді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті