Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ-ның еліміздегі парламент сайлауына қатысты кейбір ескертулері бір мағыналы емес деп санайды

"ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының қорытынды есебінде кездесетін кейбір жағдайлар мен шешімдер бір мағыналы болмағандықтан, біздің көкейімізде сұрақтар туындап отыр. Орталық сайлау комиссиясының ол бойынша өз пікірі бар", - деді Қ. Тұрғанқұлов. Ол сонымен бірге, қорытынды есепте жасалған ескертулерге байланысты Орталық сайлау комиссиясы дауласпайтынын жеткізді.

Сонымен қатар Қуандық Тұрғанқұлов сайлау барысында кеткен қателіктер мұқият зерттелетінін атап өтті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, жағдайды тексеру кінәлілерді жазалау үшін емес, ондай қателіктердің болашақта орын алмауы үшін жүргізілетін болады.

Қуандық Тұрғанқұлов Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасын жетілдіруге байланысты жұмыстарды одан әрі жалғастыруға ниетті екендігін атап көрсетті. "Үстіміздегі жылдың аяғына дейін үкімет сайлау туралы заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулардың жобасын жасайтын уақытты анықтауы тиіс", - деп хабарлады ол. "Осы себепті біз заң жобасын жасау жөніндегі жұмыс жоспарын жасап, Орталық сайлау комиссиясының және ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сарапшылары деңгейінде бірлескен шараларды өткізетін орны мен мерзімін анықтап келіспекшіміз", - деп атап өтті Қуандық Тұрғанқұлов.

"Біз сайлау процессін одан әрі жетілдіру және ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен бірлескен жұмыстар жүргізу ниетін қолдаймыз", - деді ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясының қорытынды есебінде "сайлау процессіндегі кейбір оң қадамдарға қарамастан, сайлауалды кезеңінде және дауыс берудің кейбір қырлары бойынша сайлау ЕҚЫҰ-ның алдындағы бірқатар міндеттемелерге сай келген жоқ" деп атап көрсетілген болатын.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында болған келіссөздер барысында Кристиан Штрохаль атап өткендей, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы сайлаудың заңнамалық негізін жетілдіруге қатысты ұсыныстар жасамақ. Жетілдіруді талап ететін нормативтік актілердің қатарында ол бейбіт жиналыстар туралы, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды және Қылмыстық кодексті атап өтті.

"Мен Қазақстандағы демократиялық процестердің орнығыуына және оның тереңдей түсуіне ықпал ететін бұл мәселелер біздің алдағы жұмысымыздың негізі болады деген ойдамын. Бұл жағынан сарапшылар тобы және одан кейін жұмыс тобы жақын уақытта жұмысқа кіріседі деп ойлаймын", - деп сөзін қорытты Кристиан Штрохаль.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті