Қазақстанның Отан қорғаушылар күні Түркияда атап өтілді

Өз сөзінде Түркиядағы Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаев ҰОС Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеу аясында Түркияда қабылдау өткізудің маңыздылығын атап өтті. Қатысушыларды мерекемен құттықтаған елші Астанадағы ҚР Қарулы Күштерінің салтанатты шеруі жайлы айтты.

Қабылдауға Бас штаб, ТР Ұлттық қорғаныс министрлігі, жандармерия, ТР Президентінің аппараты, басқа да министрліктер, Анкара қаласы дипломатиялық корпусының өкілдері, әскер атташат, оның ішінде Ресей, АҚШ ТМД, Еуропа және басқа да  елдер  өкілдері, қорғаныс өнеркәсібінің жетекші кәсіпорындары, Түркия қоғамдық-саяси, ғылыми-академиялық және іскерлік орта өкілдері мен Түркия оқу орындарында білім алып жатқан Қазақстан азаматтары қатысты.

ТР Қарулы Күштері Бас штабының өкілі Қазақстанды мерекемен құттықтай отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тиісті деңгейін дамыту маңыздылығына тоқталды  және түрік тарапының осы үрдіске күш салуға әзір екендігін білдірді. Ол сондай-ақ қазақстандық және түрік курсанттарымен алмасу жалғасып жатқандығын  қосты. Түркияда жыл сайын  әскери училищелер  мен академияларда 70-80-дей қазақстандық курсанттар білім алады.

Қорғаныс өнеркәсібі комитетінің өкілдері 2013 жылы Қазақстанда «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ компаниясымен құрылған «Қазақстан-Аселсан Инжиниринг» ЖШС әскери-электрондық өнеркәсіп компаниясының зауыты ашылып, жұмыс істеуде екенін атап өтті.


Қабылдау барысында шақырылғандар Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шерудің көрсетілімін көру мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлады елшіліктен. Қатысушылар Қазақстан туралы фото- және видеолармен танысты. Қазақстандық шығармашылық ұжымның концерттік бағдарламасын тамашалады.