Қазақстанның құрама командасы алғаш рет әскерилер арасындағы бокстан 53-ші Әлем чемпионатының көшпелі Кубогын иеленді

ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Ерлан Таласбаевтың айтуынша, аталған чемпионатта I-ші командалық орынға ие болу Қазақстан үшін үлкен жетістік. «Себебі рейтингке сәйкес Дүниежүзі әскери спорт ұйымы аясында өтіп отыратын осы чемпионат әлемдегі барлық әскерилер үшін ең абыройлы әрі маңызды халықаралық спорт додасы болып табылады. Бүгінгі таңда Дүниежүзі әскери спорт ұйымы өзінің бұқаралық маңыздылығы жағынан Олимпиада комитеті мен Студенттердің халықаралық спорт ұйымынан кейін үшінші орында келеді. Біз алғаш рет осы ұйым аясында өткен әскерилер арасындағы бокстан 53-ші Әлем чемпионатында I-ші командалық орынға ие болып, чемпионаттың көшпелі Кубогын елімізге алып келдік. Осымен біз 2011 жылы Бразилияда өтетін V Бүкіләлемдік әскери ойындарға қатысуға жолдама алдық», - дейді Е.Таласбаев.

Айта кетейік, қазанның 8-17-сі күндері аралығында АҚШ-тың Леджун әскери базасында өткен әскерилер арасындағы бокстан 53-ші Әлем чемпионатында Қазақстан 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальдарды иеленіп, чемпионаттың көшпелі Кубогымен марапатталды. Қазақстанға алтын медаль алып берген жеңімпаздардың ішінде Берік Әбдірахманов және Мерей Ақшалов бар. «Чемпионаттың ақтық сындарында мен американдық боксшымен шығып жұдырықтастым. Ол өз жерінде әрі оған қолдау көрсеткен жанкүйерлер көп болды. Бірақ бұған қарамастан, мен осы қарсыласымды 7:1 есебімен ойсырата жеңдім», - дейді чемпионаттың алтын медаль иегері, қатардағы жауынгер Мерей Ақшалов.