Қазақстанның құрама командасы тұңғыш рет джиу-джитсудан өткен үшінші әлем чемпионатында бірінші командалық орынды жеңіп алды

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері, Кәсіби жекпе-жек спорттық джиу-джитсу Профи файт ұлттық федерациясының вице-президенті Қанат Тілеуімбетов мәлім етті.

"Бұл Қазақстанды әлемдік спорт сахнасында лайықты таныта білген біздің спортшыларымыздың үлкен жетістігі", - деп атап өтті ол баспасөз мәслихатында.

"Киевтегі Спорт сарайында өткен спорт додасына Еуропа, Азия, Африка елдерінің жетекші құрама командалары бақ сынасты. Жекпе-жек екі бөлімнен тұрды: ерлер мен әйелдер арасындағы толық қатынасты жекпе-жек, ерлер, әйелдер мен ардагерлер арасындағы өзіндік қорғаныс. Бұл жарыс джиу-джитсу сайыс өнерінің беделін нығайту, спортшылардың, бапкерлер мен төрешілердің шеберлігін шыңдау, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты күшейту мақсатында өткізілді", -деді Қ. Тілеуімбетов.

Оның айтуынша, Федерацияға Дәурен Мұсаның президент болып келуімен жұмыстар ілгерілеген. "Дәурен Мұса құрған "Бес қару" федерациясы (www.beskaru.kz) 2008 жылы Қазақстанның ұлттық спорт түрлері бойынша үздік федерация болып танылды. 2009 жылы "Бес қару" федерациясы жекпе-жек өнер түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін "Хабкидо" ғаламдық федерация дипломымен марапатталды. Сонымен қатар, былтырғы жылдың соңында Алматыда Дәурен Мұсаның тікелей басшылығымен еркін жекпе-жек бойынша "Қазақша төбелестен" екінші әлем чемпионаты өтті. АҚШ-тың Халықаралық жекпе-жек өнер академиясы Дәуренге 2011 жылдың спорттық "Оскарын" табыс етті. Дәурен Мұсаны джиу-джитсу ұлттық федерациясының президенті етіп сайлау қазақстандық джиу-джитсудың дамуына, ежелгі спорт түрінің жандануына жаңаша серпін берді", - дейді ол.

Джиу-джитсу Қазақша төбелес және Бес Қару идеясына толық сәйкес келетін қатаң жекпе-жек түрі болып табылады.

Джиу-джитсу Профи файт ұлттық федерациясының жүлделі орынға ие болған спортшылардың аты-жөні:

Тілеуімбетов Ерлан, 69 кг, алтын

Рақышев Бауыржан, 92 кг, алтын

Касымов Шыңғыс, +92 кг, алтын

Жақыпова Альбина, 56 кг, алтын

Байтырбаева Ақжарқын, 62 кг, алтын

Екпік Дидар +80 кг, алтын

Тілеуімбетов Нұрлан, 84 кг, күміс

Жадырқасынов Қанат, 92 кг, қола

Әшім Қали, қола (өздік қорғаныс)