Сөзінің кіріспесін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бірден Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан тәуелсiздiгiне қауiп төндiрмейдi деген мәлімдемеден бастады. Яғни ол бұл тұрғыда ЕЭО саяси одақ емес екенін қадап айтты. «Соңғы кездерi БАҚ-та, соның iшiнде электронды құралдарда көптеген талқылау жүрiп жатыр. Оған қолдау жасап отырғандар да, қарсылық бiлдiрiп жатқан өзiмiздiң азаматтар да бар. ЕЭО туралы шарттың айналасындағы түсiнiспеушiлiк ақпараттың тапшылығынан болса керек. Көңiлдегi күдiкке байланысты айтарым, Еуразиялық экономикалық одақ - тек қана экономикалық бiрлестiк. Ең бастысы - ЕЭО саяси ұйым емес. Мұнда тек экономикалық әрiптестiк жасау көзделген», - деп атап өттi вице-премьер. Б. Сағынтаев мырза келiссөздер барысында қазақстандық команда одақтың саясилануына, ұлттық құзыретке және ұлттық тәуелсiздiк мәселелерiне тиесiлi тақырыптардың талқылануына жол бермеу жөнiнде нақты ұстанымдарын белгiлеп алғанын, жалпы экономикалық емес тақырыптарға шектеу қойылғандығын жеткізді. «Сондықтан Қазақстан азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты қобалжымауларына болады. ЕЭО Қазақстан тәуелсiздiгiне қауiп төндiрмейдi. Керiсiнше, елiмiздiң экономикасына үлкен экономикалық мүмкiндiктер туғызады», - дедi ол.
Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі интеграциялық үдерістер аясында еліміз өзінің ұлттық валютасынан бас тартпайтынын қадап айтты. «Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай ұлттық валюта туралы әңгімелер қайдан тарап отырғанын білмеймін. Атап айтқанда, біз бұл мәселені талқылаған емеспіз. Қазақстанның ұлттық валютасы теңге осыған дейін болды және алдағы уақытта да болады»,- деп нақтылады Б. Сағынтаев.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын ҚР Ұлттық банкінің төрағалығында болған Григорий Марченко Кедендік одақ аясында бірыңғай өңірлік валюта құру бойынша нақты шаралар қабылданып жатпағандығын айқан болатын. «Біздің өңірде келешекте мұндай өңірлік валюта Кедендік одақ немесе Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында болуы ықтимал. Бұл ұзақ жол, ол 8-10 жылдан кем емес уақыт алады. Нақты айтсақ, біз бұл жолмен жылжып келе жатқан жоқпыз», - деді Г.Марченко. Демек, бұндай қадам мүмкін болғанымен Қазақстан Үкіметі теңге елімізде ұлттық валюта мәртебесін сақтап қалатынын аңғартты.
Жалпы, Үкімет мүшелері Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның экономикалық мүдделерiне толықтай сай келетінін атап өтуде. Мәселен, Кедендiк одаққа енгеннен берi Қазақстанның өңдеушi саласына құйылған инвестицияның көлемi екi есеге артты. 2012 жылы оның көлемi 3,4 млрд. теңгеге жеттi, 2009 жылы ол 1,8 млрд. теңге шамасында тiркелген. Сонымен қатар елiмiзге тартылған тiкелей шетел инвестициясының көлемi 34 пайызға артып, 28 млрд. долларға өстi. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырды. 2013 жылы Қазақстанның Ресей, Беларусь елдерiмен арадағы сауда айналымы 24 млрд. теңгеден асып отыр. «Осы тұрғыда Қазақстан сауда бәсекелестiгi жөнiнен ұтылып жатыр деген пiкiр дұрыс емес. Мысалы, шоколад пен кондитерлiк өнiмдердiң саудасы 3 есеге, қазақстандық жүк көлiктерiнiң Ресейге, Беларусьқа сатылған саны 17 есеге, цемент 16 есеге артты. Осындай мысалдар аз емес», - дейді Б. Сағынтаев.
Айтпақшы, алдағы аптада Үкімет басшылығына жаңадан тағайындалған Кәрім Мәсімов бірқатар мәселелерді талқылау үшін Мәскеуге сапарламақ. Оның аясында ЕЭО мен ғарыш саласындағы мәселелер, нақтырақ айтқанда «Протон» зымыран тасығышының апатынан келген залалдың өтемақысын төлету шараларын талқыламақ. Өткен жылғы 2 шілдеде Байқоңырда «Протон-М» зымыран-тасығышының құлауы салдарынан келтірілген шығын үшін Қазақстан тарапы Ресейге өтемақы төлету мәселесін көтерген болатын.
«Ғарыш мәселесіне тоқталатын болсақ, былтырғы жылдың желтоқсанында «Жол картасына» қол қойылған болатын. Осының аясында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 15 cәуірде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Мәскеуде өзінің әріптестерімен, яғни Ресей Премьер-Министрі Дмитрий Медведевпен және Беларусь Үкімет басшысы Михаил Мясниковичпен кездеседі. Онда Еуразиялық экономикалық одақ төңірегінде, сондай-ақ аталған «Жол картасы» аясында жұмыстар бүгінде қандай жағдайда атқарылып жатқанын талдауға ұсыныс жасадық. Қазіргі кезде осы ұсынысты Ресей тарапы қабылдады», - деді бірінші вице-премьер. Ал өтемақыны Ресей қашан төлейді деген мәселеге тоқталатын болсақ, ол «Жол картасының» төңірегінде қаралып отырған көрінеді. Естеріңізде болса, 2013 жылдың аяғында «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану туралы «Жол картасы» қабылданған еді.
Атап өтерлігі, Қазақстан Үкіметі Ресейге салынуы мүмкін санкциялардан шығудың жоспарын пысықтап жатқан көрінеді. Яғни, бүгінде Батыстың Ресейге енгізуі мүмкін экономикалық санкциялары Қазақстанға қалай әсер етуі ықтимал деген сауалдар бар. «Бірақ әзірге ол көрініс тауып отырған жоқ. Себебі ол санкциялар тек жекелеген адамдарға қатысты жасалуда. АҚШ, Еуроодақ одан арыға бармауда. Қазіргі кезде олар мұнай бағасын түсіріп тастауы мүмкін деген жорамалдар көп айтылуда. Ондай болса, Қазақстан ғана зардап шекпейді, мұнай өндіруші елдер көп. Негізгі ойыншылар болып табылатын Араб елдері, ОПЕК ондайға барар алдында жүз рет ойланады», - деп пайымдайды бірінші вице-премьер.
Дегенмен де Б. Сағынтаев Министрлер кабинеті кез келген жағдайға, түрлі сценарийлерге дайын екенін алға тартты. «Үкіметте біз бос отырған жоқпыз, біз де шын мәнінде экономикалық санкциялар қабылданатын болса, одан шығудың түрлі жолдарын жасап жатырмыз», - деп түйді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.