Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қ.Тоқаев өз сөзінде әлемде жалпыға бірдей қабылданған демократиялық ережелер мен талаптарға сәйкес келетін Қазақстанның саяси жүйесінің демократиялық даму мәселелеріне назар аударды. Ол еліміздің Конституциясына енгізілген тарихи өзгерістер Қазақстанның ішкі дамуына толық жауап беретінін және еліміздің президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың берік іргетасқа орныққанын атап өтті.
"Еліміздің халықаралық ЕҚЫҰ ұйымына 2010 жылы төрағалық ету құқығына қол жеткізуі осы жетістіктерімізді халықаралық деңгейде танылуы болып табылады",-деді сенат спикері.
Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың рөлі биіктей түсіп, мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық үдерістерге ықпал ету аясы кеңейгеніне назар аударылды.
"Білім беру мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызмет қағидаларын одан әрі дамыту мәселелері таяу арада парламент қабылдайтын заңдарда көрсетілетін болады",- деді Қ.Тоқаев.
Біздің мемлекетімізді аймақтағы жетекші ел ретінде танылу барысында негізгі міндет: жаһандық бәсекелестік жағдайында тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету естен шықпауы тиіс. "Біз жаңашылдық пен инновацияға негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруымыз керек. Ақылды экономиканы жаһандық ағымдарды жақсы түсінетін дана адамдар жасауы керек",- деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің аяғында баға жетпес адам капиталына, табиғи ресурстарға ие болып отырған, айқын стратегиясы бар және әлемде жоғары беделге қол жеткізген Қазақстан мен оның халқы өркениетті дүниеде өзіне лайық, алғашқы саптан орын алатынына нық сенімін білдірді.