Бұл туралы Федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Федерация қызметін тоқтатқан жоқ және тоқтатпайды. Жұртшылыққа жалған мәлімет бергені үшін атқарушы дирекция қызметкерлеріне сөгіс жарияланды», - деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.
Хабарламаға сүйенсек, федерацияда үнемдеу тәртібіне көшу, басы артық шығынды қысқарту және шетелде өтетін жарыстарға қатысу санын қысқарту жайлы әңгіме болған көрінеді.
«Былтыр қазақстандық шахматшылар Франция, Бразилия, Грекия, Норвегия, Түркия, Ресей, Иран, Өзбекстан, БАӘ сынды елдерде өткен 20 шақты турнирге қатысқан болатын. Биыл спортшыларымыз Тайланд, Грекия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Италияда өтетін 8 халықаралық турнирге қатысады», - делінген хабарламада.
Шетел сапарлары қысқартылғанымен ел ішіндегі турнир саны шектелмейді. «Мәдениет және спорт министрлігі арқылы республикалық турнирлер өткізуге және спортшыларымызды халықаралық жарыстарға аттандыруға биыл 20 млн теңге бөлу қарастырылған», - делінген хабарламада.
Дегенмен, ұйым қазақстандық шахматшыларды ел ішіндегі және шет елдердегі турнирлерге белсендірек қатыстыру үшін қосымша қаражат қажет екенін мойындайды. Сондықтан федерация қазір демеушілермен жұмыс істеп жатыр.