Қазақстанның сыртқы саясаты өзгермейді- ҚР Елбасы

"Сыртқы саясаттың сан-салалылық, прагматизм, конструктивизм, диалог және ынтымақтастық тәрізді басты қағидалары өзгермей бір қалыпта қала береді. Дәл осы бағыт-бағдар әлемдік қауымдастықтағы жауапты әріптес ретінде танылған еліміздің беделін одан бетер нығайта түсті",- деді Елбасы.

Н.Назарбаевтың айтуынша, "еліміз таңдап алған бағдардың дұрыстығы қазіргі ғаламдану дәуіріне тән түрлі тауқыметтер мен қауіп-қатерлер ахуалында тіптен айқын сезіледі". "21-ғасырда әлемнің қалай өзгергенін сіз бен біз айқын сезініп отырмыз: күн тәртібіне қауіпсіздік мәселесі көтерілді, оны әлемдік алпауыт мемлекеттердің бірлескен күш-жігерінің көмегімен, басқа елдермен ынтымақтасу арқылы ғана қамтамасыз етуге болады",- деді Елбасы. "Біз халықаралық лаңкестікпен күрес, аймақтық және жергілікті шиеленістерді реттеу сынды екі күрделі тауқыметпен бетпе-бет келген дәл қазіргі сәтте мұндай диалогтың маңызы зор",- деп атап көрсетті ол.
Елбасының пайымдауынша, "сыртқы саяси ахуалдың тұрақсыздығы жағдайында ұлттық қауіпсіздікке, лаңкестік пен экстремизмге қарсы күреске қатысты заң шығару мәселесіне аударылатын назарды босаңсытып алуға болмайды". "Бұл заң жобасы қазір парламентшілердің үстелінде жатыр",- деді Елбасы Н.Назарбаев жаңа құрамды парламент депутаттарына арнаған сөзінде.