Қазақстанның сыртқы саясатының басты мақсаты елдің ұлттық мүддесін қорғауға бағытталады - Назарбаев

"Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыда дүниежүзілік қоғамдастықпен толыққанды интеграцияланды. Ендігі жерде өз басымдықтарымызды дұрыс айқындап, ұлттық мүддені ілгерілету мен қорғаудың ұзақ мерзімді стратегиясын жасауға назар аудару қажет",- деді ол.

Елбасының пікірінше, елді экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда қарқынды модернизациялаға жасалған Қазақстанның бағыт-бағдары республикамыздың экономикалық және әлеуметтік дамудағы көшбасшылық ролін сақтап қалуға, Қазақстанның инвестициялар, технологиялар, білім мен білікті мамандарды өзіне тартатын тартылыс орталығына айналуына септігін тигізуге тиіс. "Қазіргі бәсекелестік әлемінде еліміздің позициясын нығайтуда бұл айрықша маңызға ие",- деді Н.Назарбаев.
"Мемлекетімізді үдемелі дамытуға бағытталған қазіргі кезеңде біздің алдымызда дипломатиялық тұрғыда белсенді қолдауды талап ететін бірнеше басты экономикалық міндеттер тұр",- деді президент. Олардың қатарында Елбасы 2015-жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруды атады. "Біз Қазақстанға ірі инвестициялық компанияларды, олардың технологиялары мен басқару тәсілдерін әкелу арқылы елімізді әлемдік нарыққа шығаруымыз қажет",- деген Елбасы "ол үшін біздің еліміз инвесторларға кез-келген жеңілдіктер беруге дайын" екенін, "ал дипломатиялық корпус бұл міндетті жүзеге асыруға тікелей септігін тигізуі қажет"екенін атап көрсетті.
Сонымен бірге Н.Назарбаевтың пікірінше, Қазақстанның сыртқы саясат мекемесі еліміздің жеке капиталын шетелдерге инвестиция ретінде шығаруға, Қазақстанды халықаралық ақша ағыны, инвестициялар мен қор рыногын реттеу процессіне кіріктіру тетіктерін жасауға түрткі болуға тиіс.
Елбасы сонымен бірге еліміздің транзиттік-транспорттық потенциалын жүзеге асыру және Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өту қажеттігіне баса назар аударды. "Біз саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жасап жүзеге асыруға кірістік",- деді президент. "ЖаҺандану, ашықтық, мемлекеттердің өзара тәуелділігі, әлемдік нарыққа шығуға бағытталған бәсеке, үйреншікті емес қауіп-қатерлер, міне бұлардың барлығы да ішкі-сыртқы саясаттың сабақтастығын талап етеді",- деді Н.Назарбаев.
"Еліміздің халықаралық саясатының басты принциптері болып табылатын белсенділік, жан-жақтылық, тепе-теңдік, прагматизм, диалог және көп жақты ынтымақтастық принциптері өзгеріссіз қалады",- деді ол.