ҚР Мәдениет министрлігі Құжаттама және мұрағаттар басқармасының бастығы Ермек Жүсіпов атап көрсеткендей, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия еліне жасаған іс-сапары барысында арнайы келісімге қол қойылған болатын. Оған сәйкес екі елдің мұрағат қызметтері өзара байланысқа түсіп, қажетті мұрағаттық құжаттармен алмасуды қолға алды. «Біздің мұрағатшы мамандар Финляндияға барып, осы елдің Ұлттық мұрағатындағы құжаттармен танысып қайтты. Осының нәтижесінде Ұлы Отан соғысы кезінде фин жерінде опат болған 300-ге жуық азаматтың жеке құжаттары табылды. Міне, осы құжаттар бүгін бізге тапсырылып отыр. Алдағы уақытта біз олардың толық тізімін республикалық баспасөз беттерінде жариялауды жоспарлап отырмыз», - дейді Е.Жүсіпов.
Айта кетейік, Финляндияның Ұлттық мұрағатында тұтқында болған 23 мыңнан астам азаматтың құжаттары сақталған. Одан басқа революцияға дейінгі Қазақстанның тарихына қатысты құжаттар да бар.